
Усик Жәнібекті «қайталанбас, ерекше боксшы» деп атап, оның шеберлігіне жоғары баға берді
Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17 жеңіс, 12 нокаут) Instagram парақшасында украиналық атақты боксшы Александр Усикпен бірлескен жаттығу сәтінен бейнежазба жариялады.
«Атақты Александр Усиктің кеңесі! Барлығы өз уақытында болады! Саған бұйырған нәрсе өз кезінде келеді!» – деп жазды Әлімханұлы.
Видео барысында Усик Жәнібекке асықпауға кеңес беріп:
«Ақша өзі келеді. Ең бастысы – атақ, елді, отбасыңды және тегіңді даңққа бөлеу», – деді.
Спарринг кезінде Усик қазақстандық боксшыға комбинацияны да көрсетті:
«Алдыңғы жақтан шыққанда — не тура, не жанама соққы жаса. Қарсыластың қолдары көтеріледі, сен осы жерде бір-екі қимыл жасап үлгеруің керек», – деп түсіндірді украиндық чемпион.
Сонымен қатар, Усик Жәнібекті «қайталанбас, ерекше боксшы» деп атап, оның шеберлігіне жоғары баға берді.
Айта кетейік, бұған дейін Александр Усиктің тағы бір жекпе-жектен кейін бокстан кетуі мүмкін екені хабарланған.
Еске сала кетейік, 32 жастағы Жәнібек Әлімханұлы – әлі жеңілмеген кәсіпқой боксшы. Оның еншісінде 17 жеңіс (12 нокаутпен), бірде-бір жеңіліс жоқ. Әлімханұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2013 жылғы әлем чемпионы және 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы. 2025 жылдың сәуірінде ол франциялық Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта техникалық нокаутпен ұтқан болатын.