ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым! Эфирде Ермаш, Олжас және Ганс!

Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына үміткер атанды

02.10.2025, 15:12

Бокстың тарихындағы ең үздік спортшылардың есімдері енгізіліп, мәңгі сақталады

Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына үміткер атанды
ҰОК

Қазақстан кәсіпқой боксының аңызы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Геннадий Головкин (42-2-1, 37КО) Халықаралық бокс даңқ залының (International Boxing Hall of Fame, IBHOF) жаңа мүшелігіне үміткер болды. Бұл туралы Boxingscene.com хабарлады.

2026 жылғы даңқ залына енгізілетін спортшылар тізіміне үш аңыз есім ұсынылды. Олардың қатарында қазақстандық Геннадий Головкиннен бөлек, америкалық Вернон Форрест пен ирландиялық Стив Коллинз бар.

Головкиннің жетістіктері

Америкалық басылым атап өткендей, Геннадий Головкин орта салмақта WBA, IBF және WBC нұсқалары бойынша ұзақ жылдар бойы чемпиондық белбеуді қорғап, көрермендерге есте қаларлық жекпе-жектер сыйлады. Ол соңғы рет 2022 жылы рингке шыққан. Үш жыл бойы белсенді түрде жұдырықтаспаған соң, IBHOF ережесіне сәйкес, Головкин «аңыздар» тізіміне енгізілуге толықтай лайық деп танылды.

Басқа үміткерлер

  • Вернон Форрест (41-3, 29КО) – жартылай орта және кіші орта салмақта әлем чемпионы. Соңғы жекпе-жегін 2008 жылы өткізіп, өкінішке қарай, 2009 жылы қаза тапты.

  • Стив Коллинз (36-3, 21КО) – 1990-жылдары орта және супер орта салмақ дәрежелерінде WBO титулдарын жеңіп алған ирландиялық боксшы.

Әйелдер арасындағы үміткерлер:

  • жапондық бес дивизион чемпионы Наоко Фудзиока (19-3-1, 7КО),

  • германиялық екі салмақта әлем чемпионы Кристина Хаммер (28-1, 13КО),

  • мексикалық тәжірибелі боксшы Джеки Нава (40-4-4, 16КО).

Халықаралық бокс даңқ залы мен мұражайы АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында орналасқан. Мұнда бокстың тарихындағы ең үздік спортшылардың есімдері енгізіліп, мәңгі сақталады.

Жыл сайын Залға әртүрлі санаттар бойынша жеті адам қабылданады:

  • «Ерлер. Заманауи» (соңғы жекпе-жегі 1989 жылдан кейін өткендер),

  • «Ерлер. Ардагерлер» (1893–1988 жж.),

  • «Ерлер. Пионерлер» (1892 жылға дейінгі боксшылар),

  • «Әйелдер. Заманауи»,

  • «Әйелдер. Пионерлер»,

  • «Спортшылар емес» (бапкерлер, төрешілер, функционерлер),

  • «Журналистер».

Қорытынды шешім дауыс беру нәтижесі бойынша 2025 жылдың желтоқсан айының басында белгілі болады. Жеңімпаздар 2026 жылдың 11–14 маусымында өтетін ресми салтанатты рәсімде Халықаралық бокс даңқ залының мүшелері қатарына қосылады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам