Владимир Плотников жас голкипер Шерхан Қалмырзаның әлеуетін бағалады
«Қайрат» және Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Владимир Плотников алматылық клубтың жас голкипері Шерхан Қалмырзаның әлеуетін бағалап, оны алда әлі де қиын сынақтар күтіп тұрғанын айтты.
«Оның аты шыға бастады, бірақ екі негізгі қақпашы қатарда болса, Шерханға олармен бәсекеге түсу қиын екенін өздеріңіз де бағамдап тұрсыздар ғой. Оған әлі де өз деңгейін дәлелдеп, төзімділік танытып, психологиялық тұрғыда күресу керек. Себебі кенеттен көпшілік оны жоғарыға көтерді, ал енді алаңнан тыс қалды, яғни өз-өзін іздеу кезеңіне түсті. Бірақ бәрі алда, енді оның осы сынақпен қалай күресетінін көреміз», – деді Плотников.
Еске сала кетсек, «Қайрат» клубының түлегі Шерхан Қалмырза Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде тәп-тәуір өнер көрсетті – бірінші турда «Спортингке» қарсы өткен ойында (1:4) пенальтиді сәтті қайтарды.
Бұл кездесу оның ересектер арасындағы небәрі екінші ойыны болатын. Сондай-ақ жас қақпашы мадридтік «Реалға» қарсы матчта негізгі құрамда алаңға шықты, тарихи матчта алматылықтар 0:5 есебімен жеңіліп қалған еді.