Дзюдодан Қазақстанның ерлер құрамасында 60 келіде бәсекелестік өте жоғары
Қазақстан дзюдошылары соңғы бір айда ірі екі жарысқа қатысты. Алдымен Жапониядағы Азия ойындарында өнер көрсетсе, артынша Әзербайжан елінде әлем чемпионатында бақ сынады. Екі жарыстан да алтын медаль ала алмадық. Десе де, отандық балуандар Аичи-Нагоядан 5 күміс, 3 қола медаль, Бакуден бір күміс медальмен елге оралды.
Бұл нәтижеге қандай баға беруге болады? 60 келідегі бәсекелестіктің тым жоғары болуынан мықты жас балуандар Елдос Сметовтің көлеңесінде қалып қоймай ма? Абиба Әбужақынова Әлем чемпионатында неге сәтсіз өнер көрсетті? Осы және өзге де маңызды сұрақтарды Қазақ дзюдосының ардагері, ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Ермек Иманбековтен сұрап көрдік.
– Азия ойындарындағы дзюдошылардың өнеріне қандай баға бересіз? Көңіліңіз толды ма?
– Дзюдошыларымыз алтын медаль ала алмады. Сол себепті аздап қарным ашып тұр. Бір чемпион шыққанда бәрі керемет болар еді. Дегенмен, жалпы алғанда, спортшыларымыз жаман өнер көрсеткен жоқ. Командалық сайыста Жапониядан кейінгі екінші орынды алды. Әсіресе қыздардың белдесуі көңіл қуантты. Бұрынғыға қарағанда олардың деңгейі жақсарғаны байқалады. Бұл жолы қыздарымыз төрт жүлде алды. Ал мен ұлттық құрамамен бірге жарыстарға барған кезде, олар бір-екі медальмен ғана қайтатын.

Ажар Асхат, фото: olympic.kz
– Қыздар құрамасы нәтиежесінің жақсаруына не әсер етті?
– Бапкерлер қыздармен жүйелі жұмыс істеп жатыр. Олардың физикалық дайындығын жақсартқан. Дегенмен, әлем чемпионатында жүлдеге таласу үшін қыздарға әлі де тәжірибе жетіспейді. Алда тыңғылықты дайындалып, көп еңбектену керек.
– Абиба Әбужақынова Азия ойындарында күміс жүлде алды. Жарыс бітер-бітпестен бапкерлер оны бірден Бакуге әлем чемпионатына алып кетті. Дзюдошымыз барған күні-ақ жеңіліп қалды. Қатарынан екі жарысқа қатысуы қалыпты жағдай ма?
– Абибаны қатарынан екі жарысқа қатарынан қатыстыру дұрыс шешім болған жоқ. Ол Азия ойындарында күміс медаль алғаннан кейін эмоциялық тұрғыдан көп күш жұмсады. Мұндай жарыстан соң спортшыға қалпына келуге уақыт қажет. Ал біз Абибаны бірден әлем чемпионатына салып жібердік. Сол себепті ол әлем біріншілігінде ойдағыдай күресе алмады.

Абиба Әбужақынова, фото: olympic.kz
– 48 келіде Абиба Әбужақыновадан Ғалия Тынбаева өнер көрсетіп жүр. Ол толық ашыла алмай жүрген сияқты. Ғалияға басқа салмаққа ауысу керек деп ойламайсыз ба?
– Мен олардың жанында жүрген жоқпын, сондықтан нақты пікір айту қиын. Дегенмен, Ғалияға әлі де күш жинап, психологиялық тұрғыдан жұмыс істеу керек. Сонымен қатар, жарыс тәжірибесін арттырғаны жөн. Оның болашағы жарқын. Ал салмақ ауыстырудың қажеті жоқ. 48 келі Ғалияның дене бітіміне де сай келеді.
– Азия ойындарында шәкіртіңіз Әділет Алмат та алтын медальға жақын болды. Финалдағы жеңілісіне не себеп болды?
– Әділет алтын алуға әбден лайық еді. Алғашқы белдесуінде иығын шығарып алғанына қарамастан, жарысты жалғастырып, финалға дейін жетті. Кейін маған хабарласып, жарақат алғанын айтты. Ақтық сында да барын салғанымен, жапониялық қарсыласына есе жіберді. Осындай жағдайда да соңына дейін күрескені – үлкен ерлік.

Әділет Алмат, фото: olympic.kz
– Елдос Сметов те ұзақ үзілістен кейін татамиге оралып, Азия ойындарында күміс медаль алды. Оның қазіргі бабын қалай бағалайсыз?
– Елдос Париж Олимпиадасынан кейін ұзақ уақыт белдескен жоқ. Азия ойындары – содан бергі екінші жарысы. Соған қарамастан, жақсы өнер көрсетті. Енді 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып, бабына келуі тиіс. Бұл оған келесі Олимпиадаға қатысуына жол ашады.
– Әлеуметтік желіде Елдос жастарға жол беруі керек деген пікірлер де айтылып жүр. Оның салмағында расымен де мықты жастар бар. Сіздіңше, Олимпиадаға кім баруы керек?
– Елдосты ешкім жеңе алмаса, ол неге жолын басқа біреуге беруі керек? Ең алдымен, жастар оны татамиде жеңсін. Олимпиада деген ойыншық емес, ешкім өз орнын біреуге жайдан-жай бере салмайды. Елдостың алдына қойған мақсаты бар. Ол екі дүркін Олимпиада чемпионы болғысы келетінін айтып жүр. Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізуді көздейді. Сондықтан Олимпиадаға кім мықты болса, сол баруы керек. Меніңше, Елдостың екі дүркін Олимпиада чемпионы атануға әлеуеті жетеді.

Елдос Сметов, фото: olympic.kz
– 60 келіде бірнеше мықты балуан барын айттым. Бұл салмақтағы бәсеке туралы не айтасыз?
– Иә, 60 келіде бәсеке күшейіп келеді. Шерзод Давлатов та жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Бұдан бөлек, бұл салмақта Мағжан Шамшадин, Талғат Орынбасар мен Аман Бақытжан бар. Осындай бәсеке балуандардың шеберлігін шыңдап, Олимпиадада жақсы нәтиже көрсетуіне ықпал етеді деп есептеймін. Бақталастық болған жерде нәтиже болады.
– Ал 66 келіде өнер көрсететін Ғұсман Қырғызбаевтың соңғы жарыстардағы нәтижелеріне көңіліңіз тола ма?
– Азия ойындарының жартылай финалында Ғұсман моңғол балуанын жеңе алатын еді. Алайда қарсыласы белдесудің соңғы сәтінде ұтымды әдіс жасап кетті. Ғұсман шаршап, сәл босаңсып қалғандай көрінді. Дегенмен, оның келешегі бар. Өзі де Олимпиада алтынын алуды мақсат етіп жүр. Қазір Қазақстанда 66 келіде Ғұсманнан мықты балуанды көріп тұрған жоқпын. Бұл салмақта тағы бір үздік спортшы – Нұрқанат Серікбай. Бірақ жетістіктеріне қарайтын болсақ, Ғұсман Нұрқанаттан бір бас жоғары.

Ғұсман Қырғызбаев, фото: olympic.kz
– Ғұсман Олимпиада алтынын көздесе, оның басты қарсыластарының бірі – екі дүркін Олимпиада чемпионы Хифуми Абэ болмақ. Ғұсман оны жеңе ала ма?
– Әрине, Хифуми Абэні жеңуге болады. Ол да пенде, оның да әлсіз тұстары бар. Ғұсман да осал балуан емес, тәжірибесі мол. Азия ойындарынан кейін онымен кездестік. Алматы қаласының дзюдо федерациясының президенті Әли Хамитович Хамхоев оны марапаттады. Басқа демеушілер де келіп, түрлі сыйлықтар табыстады. Ғұсманның жанкүйері көп.
– Ұлттық құрама екі жылдан бері Эцио Гамбаның жүйесімен дайындалып жатыр. Оның жұмыс нәтижесін қалай бағалайсыз?
- Эцио Гамбаның өзі Қазақстанға келіп жүрген жоқ, бірақ әріптестері арқылы нұсқауларын беріп отыр. Өзі келіп, спортшыларды тікелей дайындаса, жақсы болар еді. Қазақта «өзі жоқтың көзі жоқ» деген сөз бар. Ол дзюдошылардың жанында тұрақты түрде болып, дайындық барысын бақылаған абзал. Бапкер спортшылармен бірге жүрсе, еңбектің нәтижесі де жақсырақ болары анық. Эцио Гамба – өте мықты, білікті маман. Сондықтан оның тәжірибесін әлі де толық пайдаланған жөн.
– Ұлттық құраманың бас бапкері де шетелдік азамат. Кейбір спортшылар мен бапкерлер бұл қызметке отандық маманды қою керек дегенді де айтады. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Болашақта отандық мамандарға сенім артуымыз керек. Өзіміздің қазақ маманын бас бапкер етіп тағайындасақ, ол жанын салып жұмыс істейді. Бірақ бұл менің қолымдағы шаруа емес. Менің ойымша, шетелдік мамандарды бас бапкердің көмекшісі, кеңесшісі, аға бапкер секілді қызметтерге қою керек.
Біз оларсыз да әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлерін шығардық. Сондықтан бас бапкерді тұрақты түрде өз мамандарымыщздан тағайындаған дұрыс. Жапонияда жапон бапкері, Моңғолияда моңғол маманы бас бапкер. Олар шетелдік мамандарды қажет болған жағдайда ғана шақырады. Менің айтпағым – өзге елдер бізге күле қарамаса екен. Бас бапкер әрдайым өз ұлтымыздан болса деймін.
– Әлем чемпионатында дзюдошыларымыз бір ғана күміс медаль алды. Нәтиженің бұлай болуына не себеп?
– Әлем чемпионатында Шерзод Давлатовтан бөлек, Абылайхан Жұбаназар да жүлде алуы керек болған. Алайда ол белдесу барысында қателік жіберді. Ал Шерзод шәкіртім финалда асығып, қарсыласын тезірек жеңуге тырысып, қателікке бой алдырды. Ұтып келе жатып, асығып алтын медальдан айырылып қалды.
Бұған қатты өкіндім. Тіпті бір түн ұйықтай алмадым. Кейін Шерзодтың өзі маған қоңырау шалып, кешірім сұрағаннан кейін өкпемді бастым. Онымен сөйлесіп, әуежайдан қарсы алдым. Үйге шақырып, көрімдігін бердім. Одан кейін Әли Хамитович Хамхоев бізді марапаттады.

Шерзод Давлатов, фото: olympic.kz
Шерзодтың жеке бапкері – Ибраһим, ал мен оның екінші жаттықтырушысымын. Онымен бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға тоғыз жыл болды.
Әрине, Шерзод Давлатовтың да Олимпиада чемпионы болғанын қалаймыз. Тағы да айтамын, 60 келіде Олимпиадаға кім мықты болса, сол баруы керек. Елдің беделі жеке мүддеден жоғары. Өзім бұрын бас бапкер болғандықтан, елдің абыройын бірінші орынға қоямын.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!