«Бұл – біздің медаль»: Абиба Әбужақынова спортшы отбасындағы қолдаудың сырын айтты

Ол Әлем чемпионатындағы сәтсіздігіне не себеп болғанын да айтты

olympic.kz
olympic.kz

Ақтауда дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Азияның ашық кубогы мәресіне жетті. Жарыста 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Ермахан Әнуарбеков чемпион атанды. Оның финалдық белдесуін трибунадан тамашалаған жары, белгілі дзюдошы Абиба Әбужақынованың ерекше шаттанып, қатты қуанғанына жанкүйерлер куә болды. Турнирден кейін ол 1bol.kz тілшісі спортшымен аз-кем сұхбаттасқан еді. 

– Ермахан татамиге шыққан сайын оған жанкүйер болып отырасыз ғой. Бүгінгі жеңісінен кейінгі көңіл күйіңізді сөзбен жеткізу қиын шығар?

– Ермахан күрескен сайын үнемі оған жанкүйер болып отырамын. Спортты түсінгеннен кейін оның тек алтын медаль жеңіп алғанын қалаймын. Бүгінгі эмоциямды сөзбен айтып жеткізу расымен мүмкін емес. Шексіз қуаныштымын!

– Финалдық белдесуде іштей алаңдадыңыз ба? Шешуші сәтте Ермахан жеңісті уысынан шығарып алмаса екен деген ой болды ма?

– Оның топ жарғанын қаладым. Жақында өткен Қазақстан чемпионатында жеңіліп қалғаннан кейін көңіл-күйі түсіңкі болды. Өз салмағында Қазақстан құрамасынан жүлдеге қол жеткізген жалғыз балуан болғандықтан, бұл жеңіс өзі үшін де, құрама үшін де маңызды еді.

– Жарыста жеңіліп қалған кезде бір-біріңізге қалай қолдау көрсетесіздер?

– Бүгінгі финалдан кейін Ермахан маған телефон соғып: «Бұл – біздің медаль» деді. Мен Азия ойындарында күміс жүлде алған кезде де оған дәл осылай айтқан едім. Бір-бірімізді осылай жігерлендіреміз. «Барлық жеңістер әлі алда, босаңсыма, саған сенемін» деп үнемі қолдау көрсетіп отырамын.

– Бакуде өткен әлем чемпионатындағы жеңілісіңізді отбасыңызбен қалай қабылдадыңыздар? Мұндай ауыр сәттен қалай шығасыздар?

– Бұл біз үшін өте қиын сәт болды. Жеңілісті ауыр қабылдадық. Ермахан осындай жағдайларда бір аптадай көңілсіз жүріп, тамақты да жөнді ішпей қалады. Ал Азия кубогында күресетінін білгеннен кейін бұл жолы алаңдамай, жарысқа дайындалды.

– Жарыстар арасындағы уақыттың қысқа болуы спортшыларға қаншалықты қиындық туғызады?

– Әлем чемпионатындағы нәтиже үшін бапкерлерімді кінәламаймын. Өйткені Бакудегі жарысқа қатысуға өзім өтініш білдірген едім. 2023 жылы Португалиядағы Гран-при турнирінде топ жарып, арада төрт күн өткенде Париждегі Grand Slam жарысында қола медаль жеңіп алғанмын. Сол кезде жеңісті жолымды жалғастырамын деп үміттендім. Алайда Токиодан Бакуге ұшу 13 сағатқа созылды. Екі жарыстың арасы өте қысқа болды.

– 2023 жылы Қытайда өткен Азия ойындарындағы жетістігіңізді биыл Жапонияда қайталадыңыз. Соңғы финалдық белдесуде алтын медальға не жетпей қалды?

– Бар болғаны төрт секундқа кеш ойландым. Сол сәтте шешімімді жылдам қабылдағанымда, нәтиже басқаша болуы мүмкін еді. Финалда жапон балуаны жамбасқа отырып қарсы әрекет жасаған кезде, аяғын өткізіп үлгерді. Негізі, сол сәтте қарсыласымда екі ескерту бар еді. Өкінішке қарай, алтын медальға қол жеткізе алмадым.

– Алдағы жарыс жоспарыңыз қандай?

– Бұйырса, келесі айдың ортасында Загребте өтетін Гран-при турниріне қатысамын. Ал желтоқсанның ортасында Душанбеде өтетін Masters жарысында бақ сынауды жоспарлап отырмын.

– Қазіргі спорттық бабыңыз қалай? Жарақаттарыңыздан толық айықтыңыз ба?

– Жарақаттарымнан жазылып шықтым. Азия ойындарында өз бабымды тапқанымды сезіндім. Алайда әлем чемпионатында оны көрсете алмадым. Бұйырса, Загребтегі жарыста толық бабымды танытамын деп үміттенемін.

– Бір отбасында екі спортшының да ұлттық құрама сапында өнер көрсетуінің артықшылығы мен қиындығы қандай?

– Бір-бірімізге қолдау көрсетуіміздің пайдасы өте зор деп айта аламын. Біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз, үнемі қолдап, бірге жүреміз. Мен салмақ қуып, жарысқа дайындалып жүргенде, Ермахан маған демеу береді. Кейін ол татамиге шыққанда, мен оны қолдаймын. Бір-біріміздің жағдайымызды жақсы түсінетіндіктен, бұл біз үшін үлкен артықшылық.

– Уақыт тауып сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам