Жеңіліске тек өзім ғана кінәлімін – Абылайхан Жұбаназар

Белгілі дзюдошы Әлем чемпионатынан кейін "Бірінші бол" тілшісімен сұхбаттасты

olympic.kz
olympic.kz

Әзірбайжан астанасы Бакуде дзюдодан өтіп жатқан әлем біріншілігінде 81 келіде Абылайхан Жұбаназар қола жүлде үшін белдесіп жеңіліп қалған болатын. Осылайша ол бесінші орынға тұрақтады. Ұлттық құрама мүшесі чемпионаттың жартылай финалына дейін жетіп, жарыс жолында әзербайжандық үш бірдей балуанымен шеберлік байқасқан еді.

Турнир соңынан Абылайхан Жұбаназар жарыс жолындағы олқы түскен жайтқа өкініш білдірді.

- Жартылай финалға дейін еркін жеттіңіз. Шешуші сәтте неліктен есе жібердім деп ойлайсыз?

- Күресімнің барлығы ойдағыдай болғанымен, әлем чемпионатына өзімді толық дайындай алмадым. Сол себептен күресімнің барлығы ойдағыдай жүрмей, аса қиындық тудырмайтын қарсыластарыммен өте ауыр күрестім. Қола жүлде үшін белдесуде Әзербайжан балуанына қарсы дайын едім. Оны аша түсемін деген ойымнан қателіктер кетті. Ал оның соңы үлкен өкінішке апарды.

- Жалпы, әлем чемпионатына тас-түйін дайын келдіңіз бе?

- Жарақаттан аман болдым. Жеңіліске жеке өзім жол бердім. Швейцария турниріндегідей толық түрде ашыла алмадым деп ойлаймын.

- Сол турнирден кейін сәл босаңсып кетпеңіз бе?

- Жо-жоқ. Ол Гранд Слэм турнирі. Бұл әлем чемпионаты. Халықаралық турнирлерде үнемі жүлде алып жүргендіктен ол мен үшін қалыпты үрдіс. Бұл біріншіліктің жөні бөлек. Ешқандай ауыртпашылық болған жоқ. Өкіндіріп тұрғаны, қолымда тұрған жеңістен бір сәтте айырылып қалғаным.

- Күрескен қарсыластарыңыз сіз үшін ыңғайсыз балуандар ма?

- Бұған дейінгі жарыстарда күресіп жүрген қарсыластарым ғой. Жеңу үшін татамиге шықтым. Жеңетініме толық түрде сенімді болғанмын.

- Қарсыласты жергілікті жанкүйерлердің қызу қолдауы сізді «жандырып» жіберген жоқ па?

- Белдесу барысында бар ойым – қарсыласыммен күресуде болды. Тпті айқай-шуды естімедім десем де болады.

- Жеңілісті тек өзіңізден көріп отырсыз ғой?

- Иә. Жеңуге міндетті едім. Бізге көрсетілген жағдай, қолдау көп болды. Соған қарамастан өзімнен кінә болып отыр. Қола жүлде үшін күрескен Әзербайжан балуанымен бұған дейін оқу-жаттығу жиындарында күресіп көргенбіз. Қарымды қарсылас. Бірақ менің бабым одан еш кем емес еді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам