Ол Спорт министріне де, «Самұрық-Қазына» қорына да көмек сұрап барған
Белгілі боксшы, бүгінде еліміздің жасөспірімдер құрамасында үйлестіруші қызметін атқаратын Қанат Исламмен Ақтау қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатынан кейін сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында ол жас боксшыларды даярлау жүйесі, бапкерлердің жауапкершілігі, кәсіпқой бокстың мәселелері және қазақ спортының болашағы туралы ойымен бөлісті.
– Қанат мырза, жасөспірімдер боксының дамуына үлес қосып жүргеніңізге біраз уақыт болды. Жаңа қызметіңіз қалай басталды?
– Қазір федерацияға жұмысқа кіріскеннен кейін жауапкершілігіміз де біртіндеп артып келеді. Мен әуесқой бокста 20 жылдай жүріп, кейінгі 15 жылымды кәсіпқой боксқа арнадым. Олимпиадаға қатысып, үлкен жарыстарда жеңіске жетсем де, әлі де үйренетін нәрсе көп екенін түсіндім. Бокс – тереңіне үңілген сайын жаңа қырлары ашыла беретін өнер.
Кәсіпқой боксқа барған кезде осыны анық сезіндім. Бұрын өзімді көп нәрсені білемін деп ойлайтынмын. Алайда, қайтадан үйрену керек болды. Ішіміздегі «бәрін білемін» деген ойдан арылып, білмейтін адамдай ізденуге кірістік.
Америкада ұзақ жыл жүріп, талай қиындықты бастан өткердім. Сол кезде маған бағыт-бағдар беріп, дұрыс кеңес айтатын адам болғанда, бұдан да көп жетістікке жетер ме едім деп ойлаймын. Сондықтан қазір жастарға өз тәжірибеммен бөлісіп, олардың артық қателікке ұрынбауына көмектескім келеді.
– Жасөспірімдер боксында қандай мәселелерге ерекше назар аудару керек деп ойлайсыз?
– Ең бастысы – баланы ерте шаршатып, спорттан суытып алмауымыз керек. Қазір жасөспірімдер мен жастарды бір айлық оқу-жаттығу жиынына алып, дайындықты бірден күшейтіп жіберетін жағдайлар кездеседі. Ал баланың бұрынғы жаттығу тәртібі мен физикалық мүмкіндігі ескеріле бермейді.
Мысалы, үйінде күніне бір рет жаттығып жүрген баланы бірден күніне екі мәрте жаттықтырсаңыз, ол шаршай бастайды. Ол әлі жасөспірім ғой. Бүгін байқалмаған шаршау ертең ересектер қатарына өткенде кері әсерін тигізуі мүмкін. Жарақат алып, спорттан ерте кетіп қалуы да ықтимал. Сондықтан бапкер әр баланың мінезін, мүмкіндігін, физикалық жағдайын білуі керек. Біреудің жаттығу тәсілін немесе интернеттен көрген әдісті сол күйінде қайталай беруге болмайды. Әр баланың өзіне қажетті дайындық жүйесі болуы тиіс. Бала облыс чемпионы атанды екен деп, оны одан әрі артық жаттықтырып, мүмкіндігінен тыс күш түсіру дұрыс емес. Бізге керегі – спортшыны бүгінгі жарыста жеңімпаз ету ғана емес, оны ертең ересектер арасында да биік нәтижеге жеткізу.
– Сіз бапкерлермен семинар өткізіп, осы мәселелерді де көтерген екенсіз. Өз тәжірибеңізде кімдерден тәлім алдыңыз?
– Мен кезінде қазақ боксының мықты мамандарынан тәлім алдым. Ғалым Кенжебаев, Дамир Буданбеков, Нұрғали Сафиуллин, Нұржан Сманов, Мырзағали Айтжанов секілді ағаларымыздың тәрбиесін көрдім. Дамир ағай менің алғашқы ұстаздарымның бірі болды. Осындай білікті мамандардан үйренгеннен кейін өзімді көп нәрсені білемін деп ойлаған кездерім де болды. Бірақ кәсіпқой боксқа барған соң қайтадан ізденуге тура келді. Сол себепті қазір бапкерлерге де үнемі үйрену, іздену керектігін айтамын. Бір әдісті ғана дұрыс деп қабылдап, соған байланып қалуға болмайды. Бүгінгі семинарда да осыны айттым. Бапкер өз тәрбиеленушісін жақсы тануы керек. Баланың қандай жаттығуға қабілетті екенін, қай кезде демалыс қажет екенін өзі сезінуі тиіс.

Қанат Ислам және Нұрғали Сафиуллин, фото боксшының жеке архивінен
– Спортшыларды даярлауда медициналық қолдау мен спорт ғылымының маңызы қандай?
– Бұл – қазір өте өзекті мәселе. Біздің спорт саласына білікті мамандар ауадай қажет. Әсіресе спорт медицинасы, жарақаттан кейінгі қалпына келу, дәрумендермен қамтамасыз ету бағыттарында білімді мамандар жетіспейді. Мен соңғы 10-15 жылда Америкада ұзақ уақыт өткіздім. Онда спортшылардың қалпына келуіне, дұрыс тамақтануына, ағзаны қажетті дәрумендермен қамтамасыз етуге үлкен мән береді. Ал бізде бұл бағыттағы білім жеткіліксіз. Кейде дәрумен қабылдаудың өзі допинг мәселесімен шатастырылып жатады.
Сондықтан әр спортшы не ішуге, не жеуге болатынын, қандай препараттардың рұқсат етілгенін білуі керек. Қазір түрлі спорт түрлерінде допингке қатысты жағдайлардың кездесуі де білімсіздіктен туындайды деп ойлаймын. Осы бағытта спортшыларға, бапкерлерге және ұлттық құрамаға шақырылған әрбір балаға арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Спорттағы мамандарды даярлауға баса назар аударуымыз керек.
– Ақтаудағы Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп жатқан жас боксшылардың деңгейіне қандай баға бересіз?
– Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Төрешілердің жұмысына да, спортшылардың дайындығына да назар аударып отырмын. Жақсы боксшылар көп. Әр салмақта болашағынан үміт күттіретін жігіттер бар. Әсіресе Жетісу облысының 81 келіден жоғары салмақтағы Айбын есімді боксшысының өнеріне назар аудардым. Одан үлкен үміт күтемін. Дегенмен ешкімді бөліп-жарғым келмейді, басқа салмақтарда да жақсы спортшылар жетерлік.
Біздің мақсатымыз – жарыста әділдік болуы, мықтының жеңіске жетуі. Ешкім шеттетілмеуі керек. Сол себепті өзім де жарысты сырттай бақылап, жас спортшылардың өнеріне назар аударып жүрмін. Болашағынан үміт күттіретін балалардың бапкерлерімен сөйлесіп, оларға алдағы уақытта қалай дайындалу керектігі жөнінде кеңес бергіміз келеді. Жас кезінде баланы шамадан тыс жүктемемен қинауға болмайды. Қажетті жарысқа қатыстырып, қажет емес кезде демалдыра білу керек.
– Алдағы уақытта ұлттық құрама жұмысына араласу жоспарыңыз бар ма?
– Иә, ұлттық құрамада да жұмыс істеу ниетім бар. Қазір Айбек, Нұрбек, Оралбай секілді жігіттермен де сөйлесіп жүрмін. Оларға қазіргі қалыптасқан стандартты жаттығулармен ғана Олимпиадаға дайындалу қиын екенін айтамын. Әр боксшы өзінің кемшілігі мен артықшылығын жақсы білуі керек. Соған қарай жеке дайындық жүйесін қалыптастыру қажет. Жаттамалы жаттығулармен шектелмей, өзіңе не керегін түсіну маңызды. Сонда ғана өсу болады. Біздің маман ретіндегі міндетіміз – осы жігіттердің әлеуетін ашуға көмектесу. Егер елімізден жаңа чемпиондар шығып, қазақтың туын биікке көтерсе, сол жолға аз да болса үлес қосқанымызға қуанамыз.
– Жасөспірімдер құрамасының алдағы жарыстарға дайындығы қалай жүргізілуі мүмкін?
– Қазір жастар құрамасында жүрген бірқатар спортшы ересектер қатарына өтеді. Олардың орнына бүгінгі жасөспірімдер барады. Сондықтан алдағы оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстардың жоспары жасалған.
Бұл жерде біз секілді мамандардың бас бапкерлермен бірлесе жұмыс істеуі маңызды. Өйткені бала қазір қанша жаттықса да, шаршағанын бірден сезбеуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе ағзасына салмақ түсіп, жарақат алуы ықтимал. Соның салдарынан спорттан ерте кетіп қалуы мүмкін. Жасөспірімді ересектер қатарына жеткізу үлкен білім мен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан бапкерлерге қойылатын талап та жоғары болуы керек.
– Қазір Африка құрлығындағы Дакар қаласында жасөспірімдер Олимпиадасы өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының дайындығына қатысты жұмыстарыңыз болды ма?
– Иә, мен Бақыт Сәрсекбаевпен бірге жастар құрамасында қызмет атқарамын. Бұл жарысқа кім мықты, сол спортшылар барды. Өзім де маман, боксшы әрі бапкер ретінде Бақыт Сәрсекбаевтың шешімін қолдаймын. Бұйырса, жігіттеріміз ол жақтан жақсы нәтижемен оралады деп сенемін.
– Кәсіпқой бокстағы мансабыңызды аяқтағаннан кейін немен айналыстыңыз?
– Қазір алты баланың әкесімін. Бұл да үлкен жауапкершілік. Кәсіпқой бокстағы мансабымнан кейін Qazaq Promotion жобасын бастадық. Біздің мақсатымыз – кәсіпқой боксты тек бір облыстың немесе белгілі бір ортаның деңгейінде қалдырмай, ұлттық деңгейге көтеру еді. Қазақ деген атпен шығып, еліміздің туын шетелде көтерсек деген ниет болды. Соның арқасында қазақтың атынан өнер көрсетіп жүрген талай жігіт шықты. Қазақ стилімен, қазақтың рухымен рингке көтерілген боксшылар Америкада еліміздің атын танытып жүр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Ата-бабаларымыз атқа қонғанда да қазақтың атынан шыққан. Сондықтан спортта да облысқа, өңірге бөлінбей, ұлттық деңгейде бірігуіміз керек деп ойладым. Осы ниетпен көптеген жігіттерге кәсіпқой бокста жарыс ұйымдастырып бердік.

фото боксшының жеке архивінен
– Кәсіпқой бокста жүрген спортшыларға қолдау жеткілікті ме?
– Шынын айтсам, кәсіпқой бокста жүрген кезімде мемлекеттік деңгейде жүйелі қолдау болған жоқ. Өзім де талай жерге барып, көмек сұрап жүрдім. Бір жерге барсаң, екінші адамға сілтейді. Билікке барсаң, кәсіпқой спорт біздің мемлекетте қарастырылмайды деген жауап естисің. Ал спортшы чемпион болған кезде бәрі оны күтіп алып, құрмет көрсетеді.
Мен 2024 жылы министрмен кездескенде де осы мәселені көтердім. Шетелде қазақтың туын көтеріп жүрген он шақты жігіт бар. Соларға арнайы жағдай жасап, қолдау көрсетуге болады ғой. Бір қор ашуға немесе ай сайынғы жаттығу шығындарын, Америкаға барып-келу жолақысын, жарыс ұйымдастыруға қажетті қаражатты қарастыруға болады.
2014 жылы «Самұрық-Қазына» қорына көмек сұрап барғаным да бар. Командалық спорт түрлеріне қомақты қаржы бөлінетінін көрдім. Ал жеке спорт түрлерінен санаулы ғана спортшы қолдау алып жүрді. Сол кезде мен де: «Мен тоқалдан туған жоқпын ғой, мен де қазақтың баласымын. Неге маған да қолдау көрсетілмейді?» деп айттым.
Қазір де кәсіпқой боксшылар осындай жүйесіздіктің салдарынан әркімнен көмек сұрап жүруге мәжбүр. Біреуі бір азаматқа, екіншісі басқа бір демеушіге жүгінеді. Мұндай мәселені жүйелі түрде шешу керек.
– Өзіңіз кәсіпқой бокстан қаржылай пайда көрдіңіз бе?
– Шынымды айтсам, кәсіпқой бокстан ақша тауып көрген емеспін. Америкаға барған кезде кейбір қарсыластар менімен жұдырықтасудан қорқатын. Сол себепті кейде қарсыластарымды өзім іздеп, жекпе-жек өткізу үшін қаржы төлеуге тура келді.
2016 жылы Қазақстанда 18 мың адам жиналған үлкен бокс кешін ұйымдастырдым. Сонша көрермен келгенімен, өзіме бес миллион теңге ғана бұйырды. Америкадағы бокстың табысы тұрғысынан қарағанда, бұл өте аз ақша.
ЭКСПО кезінде де жекпе-жегім үшін 200 мың доллар гонорар алуға келіскен едім. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты гонорарсыз рингке шығуға тура келді. Ол жарысқа министрлер де, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та келді. Бұл мен үшін үлкен абырой болды.
Сол кезде де жеке пайдамнан гөрі елдің абыройын, қазақтың атын ойладым. Халықтың мені жақсы көруі, құрметтеуі – қазаққа деген таза ниетім мен ұлтқа деген құрметімнің арқасы деп білемін.

Фото: Akorda.kz
– Сіздің бастамаңызбен кәсіпқой боксқа келген талай спортшы бар. Солардың арасында бүгінде қолдауға мұқтаж боксшылар кездесе ме?
– Әрине, бар. Жәнібек бауырымыздың кәсіпқой боксқа келуіне де өзімнің үлесім болды. Бауыржан Оспанов ағамыз қолдау көрсетті. Сөйтіп, ол кәсіпқой бокстың не екенін түсініп, үлкен жолға түсті.
Әли Ахметов, Мейірім Нұрсұлтанов және басқа да көптеген жігіттер менің ұйымдастырған жарыстарымда жұдырықтасты. Олардың Америкаға барып, қазақтың көк туын көтеруіне жол ашқанымды мақтанышпен айта аламын.
Бүгінде де қолдауға мұқтаж жігіттер бар. Әсіресе Мейірім Нұрсұлтановқа үлкен көмек керек деп ойлаймын. Оның әлеуеті зор. Қазір қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт берсе, үлкен нәтижеге жете алатын спортшыларымыз жеткілікті.
Біз кезінде шетелде жүргенде ешкімге басымызды имейік, өз күшімізбен жетістікке жетейік деп тырыстық. Бірақ кәсіпқой бокста үлкен нәтижеге жету үшін қаржылай және ұйымдастырушылық қолдау қажет.
– Жалпы, қазақ боксының дамуына қатысты қандай жауапкершілікті өз мойныңызға алуға дайынсыз?
– Мен қазақ спортының ыстығы мен суығына араласып, өз үлесімді қосқым келеді. Қолымнан келсе, кәсіпқой боксты да, әуесқой боксты да дамытуға атсалысуға дайынмын.
Кейде «Бәрін маған беріңдер, бес жыл уақыт беріңдер. Сол уақыт ішінде нәтиже көрсете алмасам, жауапкершілікті өз мойныма аламын» дегім келеді. Бірақ мұндай ұсынысты кімге барып айтуға болады? Ел ішінде салмақты сөз айтып, спорттың болашағына жанашырлықпен қарайтын, осындай бастаманы қолдайтын азаматтар көбірек болса деймін.
Біздің мақсатымыз – тек чемпион шығару емес, тұлға қалыптастыру. Қазір балалардың телефонды қойып, спортқа келгенінің өзі қуантады. Солардың арасынан елге қызмет ететін, қазақтың атын шығаратын батырлар мен тұлғалар тәрбиелеу – біздің қолымыздағы іс. Бұл – ата-бабамыздан қалған аманат. Сондықтан қазақ спортының дамуына бар күшімізді салып, қызмет ете беруіміз керек. Өз тарапымыздан аз да болса үлес қосып жатырмыз. Бұл жұмыс жалғасын табады деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!