Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Өзбекстанның еңбекқорлық тәрбиесін алдық, бірақ тек қазақша сөйлеймін – Абиба Әбужақынова

21.05.2024, 14:52

Ол туған Табақсай ауылынан кілең чемпиондар шыққан

Дзюдодан Қазақстанның ұлттық құрамасын дәл қазір талай сәтсіздіктен құтқарып тұрған – Абиба Әбужақынованың жетістіктері десек артық айтқанымыз емес шығар. Қазақ қызы соңғы екі жылда Гранд Слэм, Гран При жарыстарында, құрлық және әлем чемпионаттарында жүлде алып келеді. Кеше ғана Абу-Дабидегі әлем чемпионатында ұлттық құрама қоржынына жалғыз медальді салған да осы Абиба. Осы жетістігінің арқасында ол «Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген спорт шебері» спорттық нормативін орындады.

1bol.kz тілшісі Абибамен сұхбаттасып, оның спорттағы жетістігінің сыры, жоспары, жеке өмірі мен патриоттығы туралы сұрап білді.

–  Әлем чемпионатынан жүлде алғаныңызды сезініп үлгердіңіз бе?

–  Иә, сезіндім. Дегенмен, Grand Slam-де үшінші орын алған сияқты болып тұрмын. Аса бір әлем чемпионатының медалін алғандай сезім жоқ. Бір жағынан бұл да дұрыс шығар. Алда Олимпиада бар ғой.

–  Екі жыл бұрын алғаш рет Ташкенттегі әлем чемпионатынан жүлде алдыңыз. Сол кезбен салыстырғанда қандай айырмашылық бар?

–  Ташкентте ұйықтай алмаған едім. Соңына дейін түсім сияқты көрінді. Екі күн ұйықтамай жүрдім. Қазір үйреншікті секілді болып кетті. Былтыр қола жүлде үшін таласта жеңілдім. Ол кезде де үшінші орын алуға болар еді. Катарда Италия балуаны иығымның жарақатын пайдаланып кетті. Осы жолы мүмкіндікті жібермедім. Кез келген спортшы чемпион болуды көздеп келеді ғой. Бірақ, бұйырғаны қола болды.

–  Бүгін бірден Алматыға ұшады екенсіздер. Неге асықтыңыздар?

–  Бізге билетті солай алып қойған. Ғалия Тынбаева екеуіміз командалық жарыста күреспейміз. Сондықтан ертерек қайтарғанды жөн көрген болар. Негізі қазақстандық спортшыларға залдан қолдау көрсетуімізге болар еді. Бұл – бапкерлердің шешімі. Алда Олимпиада. Тезірек жаттығуға кірісіп кету керек.

Үйге барып, 2-3 күн тынығамыз. Сосын 25 мамырда оқу-жаттығу жиынын бастаймыз.

– Осындай жарыстан кейін қалай қалпыңызға келесіз?

– Алдымен ұйқымды қандырамын. Содан кейін өз-өзіме келе бастаймын.  Моншаға, спаға барамын. Массаж жасатып, ұйықтағанды ұнатамын. Ешкім болмаса, жалғыз ұйықтай бергенді жөн көремін. Әке-шешем Ташкентке қонаққа кеткен. Туыстардың бәрі әлі сол жақта. Әзірге үйде жалғызбын. Інім жұмыста, тек кешке келеді.

Қазір көп уақытым оқу-жаттығу жиындарында өтеді. Үйде сирек боламын. Тек 3-4 күнге келемін. Сол кезде артық жұмыс істеткізбейді. Анам дәмді тамақ істеп қояды.

 – Анаңыздың қай тамағы ұнайды?

– Барлық тамағын жақсы көрем. Әсіресе мантыны күшті пісіреді. Сосын самсасы да ерекше дәмді.

 – Өзіңіз тамақ істей аласыз ба?

– Мен де ол жағын меңгергенмін. Анам өзі үйреткен. Барлығын істей аламын.

­– Алдағы күндері жарыс жолына Есмигул Құйылова шығады. Сіңліңіздей болып кеткен құрбыңызға әдетте қалай қолдау көрсететіңізді жақсы білеміз. Бұл жолы трибунада болмайсыз...

– Жүлде алғаннан кейін құттықтап кетті. Сол кезде айттым, соңына дейін күрес, қолыңнан келеді дедім. Өйткені ол Олимпиадаға баруы тиіс. Парижге бір қадам қалды. Рейтингтік ұпай қажет.

–  Өзбекстанның Ташкент облысының Табақсай деген шағын аулылынан бірнеше чемпион шықты. Атақты Олимпиада чемпиондары Әлжан Жармұхамедов, Бақыт Сәрсекбаев, бүгінгі спорттағы беделді атлеттеріміз Сәкен Бибосынов, Есмигүл Құйылова және өзіңіз барсыз. Осының сыры неде?

–  Бізде Өзбекстанның еңбекқорлық тәрбиесі қалып кеткен шығар. Мектептен бастап еңбектенуді үйретті. Алғаш күрес залына сол жақта бардық. Еңбектенуге, жалқау болмауға бейімдеді. Дегенмен, біз – қазақпыз. Мектеп кезінде тарихи отанымыз Қазақстанға көшіп келдік. Ал, Есмигүлді өзім шақырып алдым. Алматыға оқуға түсірдім. Мен оқыған спорт колледжінде білім алды. Қазір университетте оқуын әрі қарай жалғастырып жатыр. Ұлтың қазақ, елге келіп Қазақстан атынан күрес деп айттым.

– Өзбекстанда болашағынан үміт күттіретін тағы басқа қазақ балуандары бар ма?

– Неше жыл өтті, қазір көбін танымаймын. Қазір құрамада жүрген Асқар Нарқұлов та сол жақтың тумасы. Бір залда өскенбіз, екеуміз бір ауылданбыз.

– Ол жақтан жанкүйерлеріңіз бар ма?

– Жазып тұрады. Мектепте суретім ілінген. Боксшы Сәкен Бибосынов екеуміз қыз алыспайтын бір рудың балаларымыз. Осы жаққа келгенде бір-ақ білдім. Әйтпесе екеуміз бір ауылда туған екенбіз.

– Қазір Абибаны мықты спортшы деп қана емес, қазақ тілінің жанашыры деп білетіндер көп. Мұндай ұстаным қашан пайда болды?

– Ең алғаш 2015 жылы Алматыға оқуға түскенде барлығы орысша сөйлейтін. Мен түсінемін, бірақ жауап қайтара алмайтынмын. Орысшаны осы Алматыда үйрендім. Себебі университетте орысша оқыдым. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде білім алдым. Апайларымның бәрі орыстілді еді. Мәжбүрлі түрде орысша оқып, үйреніп алдым. Құрамада 57 келіде күрескен Анна Казюлиналармен бір бөлмеде тұрып, орыс тілін меңгердім. Бірақ бұл құбылыс сол тұста маған жағымсыз көрінді. Өзбекстанда тусам да, қазақша сөйлейтінмін. Өзбек тілін білсем де, өзбектердің өзімен тек қазақша сөлейсетінмін. Қазір де солай. Ол жақтың құрамасының спортшыларын танимын. Бірақ қазақша ғана жауап қатамын. Өзбекше тек арасында қосамын. Өзбекстанда күресіп жүргенде мені «қазақ» деп шақыратын. Алайда, анам орыс тілінен сабақ береді (күлді). Мен мектепте орыс тілін 2-ге оқыдым. Өз қызы болған соң, шешем 4-ке шығаратын. Берген тапсырманы орындамаған соң, 5 қоймайтын. Үйде үшінші қызбын. Үлкендері біледі, мен еркелеп әдейі үйренбеген болармын.

–  Алдағы жоспар қандай?

–  Әзірге тек Олимпиада ойындары. Аз уақыт қалды. «Медаль керек» деп психологиялық қысымға түсіп кетпеймін. Бірақ дайындалып, бар ойымды тек Олимпиадаға бағыттап жүрмін. Медальсіз қайтқым келмейді. Қандай медаль болсын аламын.

–  Спортшылардың арасында шынайы достық бар ма?

–  Қыздардың арасында шынайы достық болмайды деп айтады ғой. Менің жан құрбым болды. Туғандай болып кеткен. Былтыр жол апатынан қаза тапты. Екеуіміз де күресетінбіз. Ол 52 келіде белдесетін. Кейін мансабын аяқтап, бапкерлікке бет бұрған. Менімен Олимпиадаға барам деп төлқұжат та алып еді. Өкінішке қарай, өмірден ерте кетті. Олимпиададан медаль алсам, соған арнаймын. Бұрын сенбейтінмін, қыздар бір-бірін көре алмайды деп ойлайтынмын. Алайда, осы құрбым шынайы достықтың не екенін ұғындырды. Сегіз жыл бірге араластық. Үш жыл жатақханада, кейін бір пәтер жалдап тұрдық. Ештеңесін аямайтын. Мүлдем ұрыспаған екенбіз.

–  Бір байқағаным, дзюдошылар аралары екі-үш жас болса да, бір-біріне «апай-ағай» деп сөйлейді екен...

– Бұл тәртіп қой. Сосын сыйластық деп ойлаймын. Бапкерлердің берген тәрбиесі. Бұрыннан қалыптасқан. Бауырмашылмыз.

– Өзбекстан құрамасы сапында Диёра Келдиёрова 52 келіде күміс медаль алды. Осы қызбен байланыс бар ма?

–  Екінші жыл қатарынан финалист атанып отыр. Бірақ сонымен араласпаймын. Өзбекстанда жүргенде қарсыласым болды. Бірақ мен 44 келіде күрескенде ол 40-та, ал мен 48 келіге ауысқанда 44-ке ауысты. Сосын бірден 52 келіге өтіп кетті. Екеуміздің арамызда байланыс жоқ. Басқасымен сөйлесемін. Өзінің табиғаты сондай шығар.

–  Әңгімеңізге рахмет! Олимпиадада жеңіс тілейміз!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам