Қазақстанда футбол деңгейі нөл. Айболдың “крышасы” кім? Шалдар, кетіңдер!

Жеңісім кездейсоқ емес, мұны мен Парижде тағы қайталаймын – қырғыз дзюдошысы Ерлан Шеров

27.05.2024, 12:06

Әлем чемпионатында оның басты қарсыластары жарыстан шеттетілген

Дзюдодан Қырғызстан құрамасы Абу-Дабидегі әлем чемпионатында тарихи медальге қол жеткізген болатын. Атап айтсақ, 90 келі салмақта өнер көрсеткен Ерлан Шеров ел тарихында алғаш рет әлем біріншілігінің жүлдесін жеңіп алды. 

«Бірінші бол» тілшісі Шеровті осынау қола жүлдесімен құттықтап, эксклюзивті сұхбат алды.

– Қырғызстанға тарихи медаль сыйладыңыз. Қандай сезімдесіз?

– Өте бақыттымын. Жеңісімді Қырғызстаныма, ата-анама, туған-туыстарыма, достарыма арнаймын. Бұл Қырғызстан үшін керемет жеңіс болды. Бұл нәтижеге жету үшін көп жұмыс атқарылды және соның арқасында жеңіске жеттік.

– Сіздің жеңісіңізге қатысты кейбіреулер жолы болып кетті деп жатыр, себебі екі бірдей қарсыласыңызды жарыстан шеттетті. Бұған не дейсіз?

– Бұл – дзюдо. Әртүрлі жағдай болады. Бәлкім олар шықса да, күрессе де, осындай нәтиже тіркелуі мүмкін еді. Осындай жеңіс сыйлағаны үшін Аллаға шүкір деймін.

– Әлем чемпионатындағы осындай табыстан соң Олимпиадаға дейін қалыпқа келіп үлгересіз бе?

– Париж Олимпиадасына дейін екі айдан астам уақыт қалды. Негізі бұл демалып, қалыпқа келіп және жаттығу жасауға жетеді. Бірақ босаңсуға болмайды. Бұл жыл мен үшін де, жалпы Қырғыз Республикасының дзюдосы үшін де жарысқа толы болды. Алла бұйыртса, Олимпиада ойындарында медаль еншілеймін деп үміттенемін.

– Ерлан, былтыр Азия ойындарында да Қырғызстанға алғашқы медальді сыйладыңыз. Тарихта тұңғыш болу қаншалықты қиын?

– Бұл үлкен бақыт қой. Азия ойындарында да, қазір де керемет сезімді бастан кешіріп тұрмын. Жеңістің бәрі Алла Тағаланың қалауымен болады. Сондықтан Құдайға шүкір деймін.

– Өзіңіз дзюдомен неше жасыңыздан бастап айналысасыз?

– 10 жасымнан бастап дзюдомен айналысып жүрмін, одан бері талай күрделі жолдан өттік, түрлі жарақаттар болды, жеңіс те, жеңіліс те болды. Психологиялық тұрғыда да қаншама сынақтан өттік. Бүгінгі нәтиже соның жемісі деп ойлаймын.

– Қалыпқа келу процесі қалай жүреді?

– Аздап демалып алып, қайта жаттығуларға кірісеміз. Себебі босаңсуға болмайды. Жаттығу, дайындық күтіп тұр. Біртін-біртін қалыпқа келеміз.

– Спортшылар отбасында дүниеге келіпсіз. Спортты таңдауыңызға да ата-анаңыз себепші болған шығар...

– Оны да біліп алдыңыздар ма (күліп)?! Қандай нәтижеге жетсем де сол кісілердің арқасы ғой. Ата-анам ерекше қолдау көрсетеді. Қайда жүрсем де демеу беріп, батасын беріп отырады. Бұл маған үлкен күш сыйлайды. Қазір ата-анаммен хабарласып, оларды да құттықтап қоямын.

– Жеңісті қалай атап өтесіз?

– Қонақ үйге барған соң көре жатармыз. Осы сәтті пайдаланып, еліміздің Дзюдо федерациясының басшылығына, жанашыр ағаларымызға, алғашқы бапкерлеріме, қазір қарамағында жаттығатын бапкерлеріме шын алғысымды жеткізгім келеді.

Бұдан бөлек «Жеңіс» клубының басшылығына да көптен-көп рахмет! Алмаз Әлсенов ағамыз, Тимур Тұрсынбаев және Талғат Байшолақов секілді ағаларымыз қолдау көрсетеді. Бұл кісілер қазақ, қырғыз, өзбек дзюдошыларының дамуына көмектесіп жүр.

– Қырғызстандағы дзюдоның дамуы туралы айта кетсеңіз.

– Дзюдо федерациясының бұған дейінгі президенті Жолдошбек Кольбаев отандық дзюдоға үлкен өзгерістер енгізді. Сол кісі басшылыққа келгелі дзюдоның деңгейі өсті. Ол кісі осы спорттың дамуына ерекше үлес қосты деп айта аламын.

– Өкінішке қарай, Қазақстанның ерлер құрамасында медаль жоқ. біздің балуандарға не жетіспеді деп ойлайсыз?

– «Қазақ-қырғыз бір туған» деп айтамыз ғой. Қазақ бауырларымызға шын жанкүйерміз, бұл жолы болмаса, Париж Олимпиадасында алтын не күміс медаль болсын деп тілеймін!

– Кезінде қазақ балуаны Айдын Смағұлов Қырғызстанға Олимпиада медалін сыйлады. Сіз сол нәтижені қайталай аламын деп ойлайсыз ба?

– Бұйыртса деп отырмын. Бұл Алланың қолындағы дүние ғой, біз тек әрекет етушіміз. Олимпиада аз ғана уақыт қалды, осы нәтижені Парижде де қайталауға тырысамын.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам