Бапкер 2032 жылғы Еуропа чемпионатында топ жаратын балаларды дайындап жүр
Еліміздің үш командасы еурокубок ойындарының бірінші айналымына қатысқан еді. Бірақ ешқайсысы келесі кезеңге өте алмады. «Ақтөбе» Конференция лигасынан кейін мүлдем еурокубоктан қоштасса, «Ордабасы» мен «Тобыл» енді жорықтарын Конференция лигасында жалғастырады. Осы ретте Шымкенттің «Ордабасы» клубының Молдованың «Петрокубтан» жеңілуі жанкүйердің көңілін қалдырды. Өзі де кезінде «Ордабасы» мен «Ақтөбенің» қақпасын күзеткен, ал бүгінде QJ League-тегі «Жас Қыран» командасының қақпашылар бапкері Самат Отарбаевтан бұл сәтсіздіктерге қатысты пікірін білдік.
– Өзіңіз түлегі болған, ел үмітін артқан «Ордабасы», былайша айтқанда, ауылдың клубына есе жіберді. Не себеп деп ойлайсыз?
– Өте өкінішті жағдай, «Петрокубты» жеңетініне сенімді болғанмын. Негізі бар мәселені үйде ойнағанда-ақ шешіп тастау керек еді. Жанкүйерлердің ренжитіндейі бар. «Ордабасы» мен «Ақтөбеге» ерекше жанкүйерлік таныттым. Бірақ клубтардың өз бағыты, тактикасы бар, сондықтан қателіктер неден кеткені жайлы пікір білдіре алмаймын. Біздің қолдан келетіні – жанкүйер болу.
– Оқырмандардың «Бұған дейін федерацияға басшылығына «Астананы» сүйрейді деп ренжуші едік, «Ордабасының» ойынын көрген соң, елорда клубын сүйрегендерің дұрыс болыпты» деген пікірлерін оқыдық…
– Ондай пікірді мен де оқыдым. Бірақ чемпиондық атақ талқыланбайды. «Ордабасы» барын салып бақты, сол арқылы турнирде көш бастады.
– Конференция лигасына қатысты болжамыңыз қандай?
– Шымкенттіктер жерге қаратпайды деп ойлаймын. «Ордабасы» мынадай құраммен, мынадай қаражатпен топтық кезеңге дейін жетуі керек.
– Еурокубоктарға қатысқан үл клубтың үшеуі де алғашқы айналымнан өте алмады. Бұл чемпионат деңгейінің төмендегенін аңғарта ма?
– Айту қиын. Бәлкім, солай да шығар. Шыны керек, ойындарды түгел қарауға уақыт бола бермейді, QJ League-те жүргендіктен, бар назарымыз осы жобада. Жалпы алғанда, ішкі чемпионаттың деңгейі түскен секілді.
– Резерв мәселесі не болып жатыр?
– Бұйыртса, қазір өзіміз жаттықтырып жүрген балалар 2032 жылғы Еуропа чемпионатына дайын болуы керек деп жоспар құрып отырмыз. Бәрі ойдағыдай өтсе, 2032 жылы кәрі құрлық біріншілігіне қатысамыз деген стратегиялық ой бар.
– Бапкер ретінде емес, ойыншы ретінде пікіріңізді білгім келеді. Бұл жігіттер сол кезде шынымен де әлемдік деңгейдегі құрамаларға төтеп бере ала ма?
– Бәрі жоспар бойынша, рет-ретімен жасалса, онда мықтыларға бәсекелестік танытуға шамасы жетеді. Тек осы жүйеден таймауымыз керек.