Спортшыдан алынған допинг-сынамадан мельдоний анықталған
Қазақстандық спортшы Зейнеп Оразхан допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін ММА-дан әлем чемпионы атағынан айырылып, үш жылға дисквалификацияланды. Бұл туралы Халықаралық тестілеу агенттігіне (ITA) хабарлады.
2024 жылғы 14 желтоқсанда Индонезияда өткен әлем чемпионаты кезінде спортшыдан алынған допинг-сынамадан мельдоний анықталған. Сонымен қатар Оразхан 12 сағат ішінде көлемі 100 миллилитрден асатын көктамырішілік инфузия жасатқанын мойындаған.
Спортшы екі заңбұзушылықты да мойындап, тараптар үш жылдық дисквалификация туралы келісімге келген. Ерте мойындауына байланысты жаза мерзімі бір жылға қысқартылған.
Дисквалификация 2026 жылғы 20 қазаннан 2029 жылғы 19 қазанға дейін созылады. Бұдан бөлек, Оразханның 2024 жылғы 14 желтоқсаннан кейінгі барлық нәтижесі жойылды. Ол осы кезеңде жеңіп алған медальдарынан, ұпайлары мен жүлдесінен айырылмақ.
Айта кетейік, Зейнеп Оразхан 2024 жылы Индонезияда өткен GAMMA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында 72,6 келіге дейінгі салмақта топ жарған еді. Енді оның алтын медалі де күшін жойды.
Спортшы дисквалификация туралы шешімге Спорттық арбитраж сотының (CAS) апелляциялық бөліміне шағым түсіре алады.