Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Кезінде татамиде атой салған Елдос Жұмақанов Паралимпиада жүлдегерін қалай дайындап шыққанын айтты

08.10.2024, 16:29

Белгілі спортшы Елдос Жұмақанов бапкерлік жұмысы туралы сыр шертті

Кезінде татамиде атой салған Елдос Жұмақанов Паралимпиада жүлдегерін қалай дайындап шыққанын айтты
ҰОК

Дзюдодан ұзақ жылдар бойы ұлттық құрама мүшесі болып, кейін бапкерлік қызметке ойысқан белгілі спортшы Елдос Жұмақановтың шәкірттерінің бірі биыл Паралимпиадада қола жүлде иеленді. Балуан ретінде Азия чемпионатынан екі күміс, екі қола жүлде иеленген спортшы 1bol.kz тілшісіне берген сұхбатында бүгінгі қазақ дзюдосындағы жетістіктерге қатысты пікір білдірді.
 
–  Көп жылдар бойы құрамада күрестіңіз. Өзіңіздің әріптесіңіз Ғұсман Қырғызбаев сіз күрескен  салмақта Олимпиадада жүлде алды. Отандасымыз жүлде алған сәтте қандай сезімде болдыңыз?
 
– Ғұсманның әр белдесуін қалт жібермей қарап отырдық. Бірінші кездесуден бастап оған оңай болмады. Испан балуаны бірнеше ірі турнирдің жеңімпазы. Соған қарамастан Ғұсман барлық белдесуде әдісті соңына дейін жеткізіп, сәтті күресіп шықты. Кейбір белдесуде екі ескерту алғанына қарамастан өзіне деген сенімі жоғары болды. Енді әрине, бірге күрескеннен кейін өте қуаныштымын. Екі балуанымыз жүлде алғанда көзімізге жас келді. Өйткені, бұның барлығы бірге атқарған ортақ жұмысымыз. Ғұсман екеуміз ұлттық құрамада әр жаттығу жиындарында бір бөлмеде тұрдық. Жарыстарда бірге салмақ қудық. Ол үшін әрине, қуанышымда шек жоқ. Осыған дейін төккен тері бекер болмай, еңбегі ақталғанына көңілім тасыды.
 
–  2021 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жеттіңіз. Сол сында италиялық Мануэль Ломбардамен күресте ауыр жарақат алып, кейін қола үшін күресе алмадыңыз. Сол жолғы жарақат кейін спорттағы мансапты аяқтауға әкелді ғой?
 
– Токио Олимпиадасының алдындағы әлем чемпионатына жоғары деңгейдегі бабымда барып күрестім. Бұл сында Ғұсман Қырғызбаев 60 келіде финалға шыққан болатын. Екінші күнінде 66 келіде жартылай финалға дейін жақсы күрестім. Алғашқы кездесуімде белдескен словениялық Адриан Гомбок Еуропа чемпионы еді. Одан басым түсіп, Аустрия, Моңғолия, Белорусь балуандарын ұттым. Бұл спортшылармен күрес қосымша уақытқа жалғасып жатты. Италия өкілі Ломбардамен күресте аяқтан жарақат алдым. Өзім әдіс жасап, қарсыласымды лақтырып жатып, тіземнің сіңірі үзіліп кетті. Осылайша ары қарай жарысты жалғастыра алмадым. Өйткені, әлем чемпионатын осылайша екінші рет 5-орынмен аяқтадым. Будапешт татамиінде мені зембілмен көтеріп, бірден ауруханаға алып кетті. Ең басты өкінбейтінім, сол жерден мен өз аяғыммен кеткен жоқпын. Егер солай болса, бұл мен үшін өмірлік өкініш болар еді. Менің спорттағы мансабым осылайша ауыр жарақатпен бірге тәмам болды.
 
–  Спорттағы мансапты аяқтаған соң бапкерлік қызметіңіз басталды. Біраз шәкірттеріңіз сенімді ақтап үлгерген секілді...
 
– Бапкерлікке ойысқалы 4 жылдай уақыт болды. Өзім жетпеген жетістіктеріме шәкірттерім жетсе екен деп еңбек етіп жүрмін. Ұлттық құрамада болғаннан кейін шәкірттерімді сол жолға бағыттап, жетістікке жетелеуге дайынмын деп айта аламын. Қысқа мерзім ішінде шәкірттерім жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Жаңадан бастап, өзімнің залымда жаттығатын балалардың ішінде он шақтысы спорт шеберлігіне үміткер, спорт шебері болды. Тағы біреуі ҚР еңбек сіңірген спортшы және біреуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Бұл балалардың өзінің мотивациясы, бір-бірімізге деген сенімділіктің арқасында болып жатқан нәтиже деп ойлаймын. Қазір ұлттық құрамада көмекші бапкер болып қызмет етіп жүрмін.
 
– Биыл қазақ дзюдосында жаңалық көп. Арасында өзіңіз баптаған парадзюдошы да жүлде алды...
 
–  Биыл қазақ дзюдосы үшін табысты жыл болды. Елдос Сметов Парижде чемпион атанды. Оның ізін ала Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге қол жеткізді. Парадзюдошылар да қалыспай биіктен көріне білді. 48 келіде Ақмарал Науатбек топ жарды. Ерғали Шамей күміс жүлде иеленсе, Зарина Раифова, Жұрқамырза Шүкірбеков, Даяна Федосова, қола медаль иеленді. Аталған спортты бөлмей қарайтын болсақ, ұлт дзюдосында серпін бар. Осы орайда, ел дзюдосының дамуына үлес қосқаныма қуаныштымын.


 
– Жұрқамырза Шүкірбековті баптап, Парижде өткен Паралимпиадада қола жүлде иеленді. Оның әлеуетін қай кезде байқадыңыз?
 
– Жұрқамырза бұл жетістікке өте қиын жолмен жетті. Басында ол жастар арасында Ұлттық құрамада күрескен. Одан кейін ақылы бөлімге оқуға түсіп, қаржы табу үшін жұмыс істеді. Тіпті, мопедпен қыс бойы тапсырыс жеткізді. Мен онысын басында білген жоқпын. Кейбір жаттығуларға келмей қалып жүрді. Онысын маған айтпайды. Мүмкін ұялған шығар. Қасындағы достарынан сұрап, оның немен айналысып жүргенін білдім. Екеуіміз ақылдасып, мықты екенін дзюдода дәлелдейтін болып келістік. Денсаулығына байланысты оны парадзюдоға ауыстырдық. Еліміздің парадзюдо құрамасының бас бапкері Жандос Қияновқа айтып, медкомиссиядан өткіздік. Бакуде өткен жарысқа қатысуға рұқсат берді. Көзінің көру деңгейі төмен. Бұдан бөлек, туабітті дерті бар. Бакуде 3-орын иеленіп, Токиода өткен квалификациялық турнирге бардық. Оның барлық шығынын ұлттық құрамаға кірмей тұрып қалтамыздан шығардық. Жора-жолдастарымыз көмек қолын созды. Өте қиындықпен көріп, ата-анасы жұмыста. Баланың өзі спортты доғарамын деп жүргенде биік тұғырға шыққанына бапкер ретінде мен де ерекше ризашылықпен алғыс айтамын. «Ағай, мен өзімді дәлелдеймін» деген соң жұмысынан да шығарып алғанбыз.
 
– Қазір кәсіби мансабын аяқтаған бірнеше спортшының лигасында жасөспірім балуандар күресіп жүр. Олардың ішінде, Кебіспаев, Ниязбеков, Жұмақанов лигалары көпшілікке таныс. Лиганың демеушісі кім? Қандай жас спортшыларға жол ашты?
 
– Бұл лиганың құрылуына өзіміз себепкер болдық. Алмат Кебіспаев, Асхат Ділмұхамедов, Дәулет Ниязбеков сынды жігіттермен бір жыл бойы жарыстың өтуіне өз қалтамыздан қаржы шығарып жүрдік. Төрешілерге, балалардың жататын жерін барынша қарастырып, өзімізге салмақ болды. Еліміздің спортын дамыту, спортшыларды биікке шығаруға бағытталды. Қазір жағдайы қарастырылмаған жертөле секілді жерлерде жарыстар өтіп жатады. Оның барлығы баланың бірден бір спортқа деген махаббатынан айырып, әділетсіз төрешілік болуы мүмкін. Жағдай жоқ жерде баланың спорттан көңілі қалады. Болашақта балалардың ұлттық құрамаға енуіне, жеңіске жеткен балаларға министрлік тарапынан грант беріп, спорт мектептері мен колледждеріне тегін оқуына мүмкіндік беруге бағытталған еді. Мықты спортшылар грантқа түсе алмай қалып жатады. Мықты екенін дәлелдеген спортшыларға осы арқылы жағдай жасауды көздедік. Қазір бұл лигаларда Спортты дамыту дирекциясының қолдауымен Астанада жалғасып жатыр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам