Полиция іс қозғаған
Шығыс Қазақстан облысында дзюдодан өткен жарыс жаппай төбелеспен аяқталды. Оқиға 26 қазанда Өскемен қаласындағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде болған.
Куәгерлердің айтуынша, қақтығыс кезінде жаттықтырушылар, жас спортшылар және олардың ата-аналары төбелеске араласқан. Дәл осы сәтте залда өтіп жатқан жарыс бір сәтте тәртіпсіздікке ұласқан.
Нәтижесінде бір бапкер ауыр жарақат алып, оның жақ сүйегі сынғаны хабарланды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын растады.
«Жаппай төбелеске қатысы бар азаматтардың барлығы анықталды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — делінген ресми хабарламада.
Өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасы да оқиғаға қатысты пікір білдіріп, істі полиция тергеп жатқанын растады.
Қазіргі таңда төбелестің нақты себептері анықталып жатыр.