Өйткені олардың деңгейі жергілікті төрешілерден жоғары тұрмақ түгілі, төмендеу көрінді
Қазақстан құрамасы Бельгиямен маңызды кездесу өткізеді. Бұл 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуіндегі соңғы матч болмақ. Осы ойын алдында футбол ардагері Асқар Қожабергенов ұлттық құраманың қазіргі ахуалына, бас бапкердің жүргізіп жатқан жұмысына және команданың алдағы мүмкіндіктеріне қатысты өз көзқарасын білдірді.
Сарапшы іріктеу кезеңіндегі тактикалық өзгерістер, ойыншылардың дайындығы және құрамадағы ішкі бәсеке жайында баяндап, Бельгияға қарсы ойыннан не күту керектігін де айтты.
– Асқар аға, жақында ғана ҚПЛ-ның кезекті маусымы аяқталды. «Қайрат» чемпион атанды. Бұл маусымға көңіліңіз қаншалықты толды? Бұрынғы маусымдармен салыстырғанда алға ілгерілеу бар ма?
– Менің ғана емес, барша қазақстандық жанкүйердің көңілінен шыққан маусым болды деп ойлаймын. «Қайратты» екінші жыл қатарынан чемпион атануымен құттықтаймын! Әдеттегідей еліміздің ең үздік екі командасы соңғы турда чемпиондықтың тағдырын шешті. Өкінішке қарай, «Астана» маусым барысында біраз қиындыққа тап болды. Ал «Қайрат» тұрақты ойын өрнегін көрсетті. Ел біріншілігінде ғана емес, Чемпиондар лигасында да жап-жақсы ойнап жүр. Сондықтан «Қайраттың» жеңіске жетуі заңдылық деп ойлаймын.
Бірақ чемпионат деңгейі әлі өскен жоқ. Әзірге аттары аталған екі клубтан өзге ұжымдар қарсылық таныта алмай келеді. Сол жағы көңілге кірбің түсіреді.
Соған қарамастан, биылғы маусым жас жұлдыздарымызды шығарды. Оның ішінде Дастан Сәтпаев, Темірлан Анарбеков, Александр Мрынский, «Оқжетпестен» Дәурен Жұмат бар. Осындай жастарымыз мамандардың да, жанкүйерлердің де көңілінен шықты деп ойлаймын.
– «Қайрат» пен «Астана» матчына шетелдік төреші шақыртылды. Бұл отандық төрешілер деңгейіне қатысты күдікті тағы да күшейтті деген сөз бе?
– Меніңше, төрешілеріміздің басшылыққа ренжитін жөні жоқ. Себебі дәл осы ойын барынша әділетті өтуі керек еді: «Астана» да, «Қайрат» та сын айтпасын деген шешім қабылданды. Оның үстіне Еуропадан мықты мамандар келсе, бұл біздің төрешілерге үлкен мектеп.
Дегенмен «Қайраттың» «Ақтөбемен» матчына қырғыз төрешісін шақырғанына мен ғана емес, өзге сарапшылар да, жанкүйерлер де қарсы болды. Өйткені олардың деңгейі жергілікті төрешілерден жоғары тұрмақ түгілі, төмендеу көрінді. Олардың чемпионаттарының деңгейі де бізден әлсіз. Жалпы, еуропалық мамандардың біліктілігі Азия төрешілерінен жоғары. Сондықтан біздің төрешілердің қырғыз мамандарынан үйренетін ештеңесі жоқ. Нақты сол матчқа қатысты бұл шешіммен келіспеймін, ал чемпиондық ойында италиялық маманның қызмет етуі өте дұрыс болды.
– «Елімай» алғаш рет еурокубокта бақ сынайды. Семейлік клубтың мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?
– Семейдің «Елімай» командасы Премьер-лигаға келгеннен бері жақсы ойын көрсетіп жүр. Деңгейі айтарлықтай өсті. Соңғы екі жыл бойы алғашқы бестіктен түспей келе жатыр. Бұл – жас болса да өте білікті маманның еңбегі. Екіншіден, облыс басшыларының қолдауы зор әсер етіп отыр.
Алайда еурокубокта ойнау – мүлде басқа деңгей. Сондықтан семейлік ұжымға тәжірибелі ойыншыларды қосу қажет. Деңгейді көтермей, Еуропа клубтарымен тең дәрежеде өнер көрсету қиын. Бірінші айналымда-ақ ұшып кетуі мүмкін. Сол үшін міндетті түрде құрамды күшейту керек, сонда жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
– «Қайрат» жақында «Интермен» кездесіп, қарсылас қақпасына сенсациялық гол соқты. Жеңеді деген «Пафостың» өзімен тең ойнаған алматылық ұжымның ойыны түрленуіне не әсер етті деп ойлайсыз?
– «Қайрат» Миланға барып, «Интермен» өте тартысты ойын көрсетті. Менің ойымша, алматылық команда Еуропаның ең мықты клубтарының бірі – өткен маусымның Чемпиондар лигасының финалисі «Интерді» сырт алаңда біраз састырды. Гол да кездейсоқ соғылған жоқ. «Қайрат» іріктеуде «Селтик», «Слован» сияқты командалармен, жалпы кезеңде «Спортинг», «Реал» секілді алыптармен ойнап, үлкен тәжірибе жинады. Соның арқасында «Интермен» терезесі тең ойнағандай көрінді.
Бір өкініштісі – «Пафосты» ұта алмады, әйтпесе бір ойыншыға артық ойнаған еді. Дегенмен сол матч та үлкен тәжірибе берді. Сондықтан «Интер» қақпасына соққан гол да, жалпы ойын да сенсация емес – бұл жинаған тәжірибе мен деңгейдің көрінісі.
– Уразбахтин шәкірттерін ЧЛ-да тағы төрт матч күтіп тұр. Бұл кездесулерден не күтесіз?
– Әрине, «Қайрат» «Спортингпен», «Интермен» сырт алаңда, «Реалмен» өз алаңында ойнағанда ұпай аламыз деп ешкім үміттенген жоқ. Ең бастысы – тәжірибе жинау. Алдағы төрт матчтың екеуі де осы бағытта маңызды болмақ.
«Арсенал» – Англия чемпионатында бірінші орында келе жатқан клуб, сырт алаңда ойнайтынымызды ескерсек, матч өте қиын болады. «Брюгге» де Еуропада мықты ойын көрсетіп жүр. Сондықтан бұл екі командамен кездесуде ұпай алу өте қиын.
Бірақ «Қайраттың» сырт алаңда «Копенгагенді», өз алаңында «Олимпиакосты» ұтуға күші де, мүмкіндігі де бар. Өйткені екеуі де «Селтик» пен «Слованнан» деңгейі төменірек клубтар. Бар үміт осы екі кездесуде. Ұпай санын көбейтіп, жанкүйерлерді қуантады деген сенімдеміз.
– Алматылықтар келесі жылы да Чемпиондар лигасында ойнайды. Биылғы жетістігін қайталай ала ма?
– Әрине, «Қайрат» биыл жанкүйерлерді іріктеу кезеңінен бастап қуантып келеді. «Реалды» елге алып келді, енді «Брюгге» келеді. Азулы командаларды көруге мүмкіндік жасады. Өздерінің де деңгейі өсті.
Келесі жылы да осы жетістікті қайталауға бар күшін салады деп ойлаймын. Басшылар да, бапкерлер де Чемпиондар лигасының футболдың дамуына және табысына қаншалықты әсер ететінін көріп отыр. Сондықтан командаға тағы да мықты ойыншылар қосып, келесі маусымға өте күшті құрам жасақтайды деген сенім бар.
– Бірер күннен соң Қазақстан әлем чемпионаты аясында Бельгиямен кездеседі. Ойынға болжамыңыз қандай?
– Бельгия – Еуропаның азулы командаларының бірі. Құрамындағы жұлдыздар үздік чемпионаттарда ойнайды. Деңгейді біздің ұлттық құрамамен салыстыру қиын. Әсіресе сырт алаңда 6:0 болып ойсырай ұтылғаннан кейін өз алаңымызда жеңеміз деу қиын.
Алайда Бельгия сапында бірқатар негізгі ойыншылар жарақат алған сияқты. Оның үстіне Астанаға ұзақ ұшып келді, бейімделу мәселесі бар. Жасанды алаң да әсер етеді.
Екіншіден, Талғат Байсуфинов келгеннен кейін біздің құраманың ойынында оң өзгеріс бар. Сондықтан жеңеміз демесек те, «Қайраттың» «Интерге» көрсеткен қарсылығына ұқсас лайықты ойын көрсетеді деп сенемін.
– Талғат Байсуфинов уақытша бас бапкер болып тағайындалғанына бір жарым ай өтті. Ол кісі үшінші рет келді. Аяқ алысына қандай баға бересіз?
– Талғат Байсуфинов – өте білгір маман. Деңгейін бәріміз білеміз. Оның мотивациялық әдістері де мықты. Әсіресе құрамда көп қазақ жігіттері бар, олармен қазақша сөйлескен жүректеріне тез жетеді. Ойын жағынан да өзгеріс бар. Сырт алаңда Солтүстік Македониямен 1:1 тең ойнады. Сондықтан ұлттық құраманы басқарғанын толық қолдаймын.
– Енді құрамаға кім келуі керек деп ойлайсыз?
– Әзірге белгісіз. Бәлкім, Талғат Маруанұлын қалдырар. Өз басым әрі қарай жұмыс істей бергені дұрыс деп санаймын.
Басқа маман келетін болса, ең болмағанда орысша сөйлей алуы қажет. Себебі шетелдік бапкер қанша мықты болса да, оның идеясын аудармашы толық жеткізе алмайды. Бұрын шетелдік бапкерлерде тіл мәселесі қатты байқалды. Бірақ орысша біледі екен деп Черчесов секілді мамандарды ала салу да дұрыс емес. Сондықтан Байсуфиновты қалдырған жөн.
– Құрама Бельгиямен өткен ойынмен әлем чемпионатына іріктеуді аяқтайды. Қазақстанның өнері туралы не айтасыз? Бұдан жақсы ойнауға болар ма еді?
– Қазақстан жанкүйерлері әр іріктеу алдында үміттенеді, мүмкін осы жолы жолымыз болады деп ойлайды. Іріктеуді Әлиев бастады. Өз басым оның тағайындалуын қате деп санаймын. Қанша жас әрі білікті болғанымен, клубтық деңгейде жетістігі жоқ, халықаралық тәжірибесі болмады. Бұл Уэльс және Солтүстік Македониямен матчтарда көрінді. Әйтпесе сол македониялықтарды өз алаңымызда ұтуға қауқарымыз бар еді. Уэльспен де лайықты ойнауға болар еді.
Сондықтан нәтижеге риза емеспіз. Бұдан да жақсы өнер көрсетіп, көбірек ұпай алуға мүмкіндік болған.
– Ұлттық құраманың, «Қайраттың» матчтарынан соң біздің футболшыларға шетелден қызығушылық бар деген сыбыстар тарады. Қазіргі құрамнан кімдер кетуі мүмкін?
– Ұлттық құраманың ойындарын Еуропа да, әлем де көреді. Әсіресе Бельгияға қызығушылық жоғары болғандықтан, онымен қоса Қазақстанды да бақылап отырады. Бұл – шетелдік мамандардың көзіне түсуге үлкен мүмкіндік.
«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы табыстарынан кейін қызығушылықтың артқаны – сыбыс емес, шындық. Жалпы, бізге назар Дастан Сәтбаевты «Челсиге» сатқаннан кейін күшейді. Темірлан Анарбеков, Дәурен Жұмат, Чесноков – бәрі назарда. Чесноков қыста Ұлыбританияға кетуі мүмкін деп отырмыз. Самородов, Зайнутдинов, Әліп Ресейде ойнап жүр.
Бұл жас ойыншыларымыздың деңгейі артып жатқанын көрсетеді. Біз іріктеу кезеңдері мен еурокубоктарда неғұрлым жақсы ойнасақ, қызығушылық та арта береді. Мықты чемпионаттарға барғандар өздерін дәлелдей алса, ұлттық құраманың да нәтижесі жоғарылайды.