ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым! Эфирде Ермаш, Олжас және Ганс!

«Минстрлік марапат тұрмақ, не киетін киім, не дәрігер тауып бермей отыр». Паралимпиаданың жүлдегері жанайқайын жеткізді

27.09.2025, 11:18

Біз сыйлықтар былай тұрсын, массажист пен дәрігерге, берілуі керек киімге зәру болып қалдық

«Минстрлік марапат тұрмақ, не киетін киім, не дәрігер тауып бермей отыр». Паралимпиаданың жүлдегері жанайқайын жеткізді
ҰОК

Осыдан бірер күн бұрын ғана пара жүзуден әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Нұрдәулет Жұмағали жеңіске жету жолындағы басты кедергілерді ашық айтты. Оның сөзінше, ұлттық құрамада дәрігер мен массажист сияқты ең қажетті мамандардың өзі жоқ, спортшылар шетелдік құрамалардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Бұған қоса, жарыстарға қажетті спорттық киім де берілмейді. Нәтиже жақсарғанымен, спортшыларға жасалатын жағдай жылдан-жылға нашарлап барады. Спортшымызды кезекті жеңісімен құттықтаймыз деп хабарласып, біраз мәселенің мән-жайына қанық болдық.

– Нұрдәулет, алдымен әлем чемпионатындағы кезекті медаліңізбен құттықтаймын! Осымен үшінші рет жүлдеге іліктіңіз. Бұл жолы жарыс қалай өтті?

– Рахмет! Ойдағыдай болды деп айта алмаймын, қалай дегенмен жеңіске жетеміз деген мақсатпен келгенбіз, еліміздің туын көкте желбіретсек деп едік. Өкінішке қарай, белгілі бір мәселелерге байланысты жоспарымызды орындай алмадық.

– Ол нендей мәселе?

– Дайындық жақсы өтті, тыңғылықты даярландық. Бұған дейінгі екі күмісті енді алтынға айырбастаймыз дегенбіз. Алайда суық тиіп ауырып қалдым, ауа райына бейімделу жағынан мәселе туындады. Себебі біз Сингапурға бірнеше күн бұрын ғана бардық. Ал оған дейінгі оқу-жаттығу жиындары Астанада өтті. Өздеріңіз білесіздер, күздің басында елордада күн салқындап кетті, ал мұнда 30 градустан жоғары, өте ылғалды. Оның үстіне спортшыларды тасымалдайтын көліктердің бәрінде, бассейн мен қонақүйлерде ауа баптағыш тұрады, терлейсің, содан соң терің қатып қалады. Бала күнімнен бронхитім бар еді, сол асқынып кетті. Не дәрігер жоқ, не массажист жоқ. Сондықтан бас бапкермен бірге өз бетімізше емделдік, дегенмен толық қалыпқа келіп үлгермедім, алтын ала алмауымның себебі де осында деп ойлаймын.

– Сонда жарыстарға сіздермен бірге осындай қажетті мамандар бармай ма?

– Ондай мамандар бізде жоқ. Дәріханаға барып құрамын қайта-қайта оқып жүріп дәрілер алдық. Жарыстарда оқыс жағдай болып, жарақат алып қалсақ, өзге құрамалардың мамандарына «көмектесіп жіберіңізші, ақысын төлейміз» деп өтініш жасап жүреміз. Әдетте Өзбекстан, Ресей немесе Украина құрамаларына барасың, бірақ олар бізді қарсылас көреді, сондықтан мамандарын бере бермейді. Мысалы, осы жолы маған массажист қажет болды, бірақ таба алмадық, бәрі бас тартты. Алдыңғы чемпионатта аяғымды қайырып алып, украиналық маманның көмегіне жүгінгенмін. Ондай жағдайлар көп болады, өйткені суға секіргенде аяғыңды жарақаттап алуың мүмкін, сіңірің тартылып қалады дегендей, әркімге бір жалынып жүресің. Ауырғанды басатын жақпамай жағу керек болады, кейде екпе жасау қажет, ал шетелде жүргенде оларды сатып алу үшін алдымен құрамын зерттеуің керек. Егер құрамада дәрігер болса, оның өзінде дәрі-дәрмек қобдишасы болады.

– Бұл мәселе бұған дейін көтерілді ме? Неліктен әлі күнге дейін шешімін таппай отыр дегенім ғой. Сіздер Паралимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшыларсыздар. Есеп берілгенде, бәрі керемет сияқты айтылады...

– Өкінішке қарай, бәрі сол сөз жүзінде ғана қалып жатыр. Егер жарақат алып қалып, жүлдеден тыс қалсаң, онда елге келген соң бапкерлер сөз естиді. Олар мәселені түсіндірсе, құдды өтірік айтып жатқандай көреді. Бірақ біз жүлдесіз оралып жатқан жоқпыз, сонда да уәжімізді еститін құлақ табылмай тұр. Токио, Париж Паралимпиадаларында жүлдегер атандым, бізге жағдай жасалмаған соң, өзге спортшылардың жай-күйіне қатысты үндемей-ақ қойса да болатын шығар.

– Бұл мәселелер қай деңгейде шешімін таппай жатыр?

– Біздің құрама «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына қарайды. Себебі жеке федерация жоқ, бапкерлеріміз осындай мәселелерді шешу үшін федерация құру мәселесімен айналысып жүр.

Жақында ғана әлем біріншіліктерінен табысты оралған боксшыларымыз, балуандарымыз бар, оларға қандай жағдай жасалғанын өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Ал біз қарапайым дәрігер мен массажистке зар болып жүрміз. Оқу-жаттығу жиындарына да қатыса алмаймыз. Жылдың басында жаттықтырушымен бірге орталықтың басшысына кірдік, жағдайымызды, жоспарымызды айттық, не керек екенін түсіндірдік. Ол кісі қарастырылатынын айтып шығарып салды. Алайда бәрі сөз жүзінде ғана қалды.

Әлем чемпионатына қатысу үшін бір жылда маған бір-ақ рет оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырып берді, әлгіндей айтқанымдай, Астанада екі апта дайындалдым, болды. Жетістіктерің, мүмкіндіктерің де ескерілмейді, жеңіске жетіп жатсам, ол бәріне абырой емес пе?!

Негізі Сингапурге де сұрағанбыз, бірақ берілмеді, қалай дегенмен климатқа бейімделу үшін де уақыт керек. Ыстықтан алғашқы үш күн басым ауырды. Өзге елдің спортшыларына қарап қызығасың, өздерінің жаттығу базалары бар, олар шетелге барып жаттығады, бір-бірін зерттейді, спаррингте дайындалу арқылы шыңдалады. Спорттық экипировка деген мәселе жоқ. Қажетті маманның бәрі бар. Ал біз ары кетсе Астанаға келе аламыз.

– Сөзіңізге қарап отырсам, тамақтану, дәрумен мәселесі де шешілмеген ғой?..

– Ол рас, дәрумендермен қамтамасыз ету жағы да төмен болды. Сондықтан қажетті дәрумендердің бәрін өз қаражатыңа сатып аласың.

– Яғни бұл сіздің ғана емес, ұлттық құрамадағы өзге спортшылардың да жанайқайы, солай ма? Сіз айтқан орталық тікелей министрлікке қарайды. Ал ведомстводағы жауапты мамандар қайда қарап отыр?

– Бәріне ортақ мәселе ғой. Мұның бәрінен біз қарайтын орталық басшылығы хабардар деп ойлаймын. Тек мұны спортшылардан бұған дейін ешкім ашық айтқан жоқ, ал мен әрі қарай да үнсіз отырғым келмейді.

Меніңше, министрліктегі жауапты мамандарға біздің мәселеміз жетпеген секілді, олар бейхабар деп ойлаймын.

– Сонда әдетте жаттығуды қайда жасайсыз?

– Өзім өнер көрсететін Жамбыл облыстық спорт басқармасы қолдау көрсетеді, сол кісілер Алматыда жаттығу жасауыма мүмкіндік берді. Бірақ облыстың бюджеті мемлекеттік бюджеттен аз ғой.

– Қазақстанға қашан ораласыздар?

– 27 қыркүйекте соңғы жарыс күні, сосын елге қарай шығамыз.

– Өзіңіз айтқан боксшылар мен балуандарды атойлатып күтіп аламыз, федерация, комитет өкілдері атсалысады. Демеушілер сыйлықтарын тарту етіп жатады. Сіздерді қалай күтіп алады деп ойлайсыз?

– Біздің елде жүзу спорты бокс не күрес секілді танымал емес. Парижден келгенде басқарма басшылары жақсылап күтіп алды, облыс басшысы Ербол Қарашөкеев қабылдады. Бұл жолы да солай күтіп алатын шығар деп ойлаймын.

Бізде демеушілер жоқ. Президенттің өзі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлерін дамытуға, жағдай жасауға тапсырма беріп отыр. Елдегі спортты дамыту үшін барлығына жағдай тең жасалуы керек деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы кеше әлем чемпионатында табысты өнер көрсеткен балуандар мен бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады, бізді әлем чемпионатынан соң ешкім – не министрлік, не комитет марапаттаған емес.

– Өз сөзіңізде өзге елдердің құрамаларында спорттық экипировка мәселесі жоқ дегенді айтып қалдыңыз. Сонда сіздерге қажетті спорттық киім де берілмей ме?

– Жарыстарға барғанда, өзгелер бірдей формамен жүреді, ал біз не тапсақ, соны киеміз. Осы чемпионатта да солай. Біреуі Токио, біреуі Париж Паралимпиадасының, біреуі басқа жарыстан, мен 2014 жылғы Азия ойындарының киімімен жүрмін, суреттен көрсеңіз болады.

– Әдетте ең керек деген дүниенің бәріне жыл басында қаражат бөлінеді, соның ішінде киім-кешек те болуы керек емес пе?

– Бөлінетін шығар, ол жағын білмеймін, бірақ бізге киім берілмейді. 2023 жыл нақты есімде жоқ, бірақ соңғы екі әлем чемпионатында бізде экипировка болмады.

– Парижде күміс жүлдегер атандыңыз. Содан кейін де жағдай өзгермеген болып тұр ғой...

– Қайта кері кетіп барады. «Бұл мәселелерді бұған дейін неге көтермедіңіздер?» деп сұрадыңыз. Үміт алдады, осы жолы дұрысталатын шығар, мына медальдан соң жағдай түзелер деп өз-өзімізді алдап келдік. Нәтиже жақсарып жатыр, себебі Токиода қола алсам, Парижде күміс алдым. Біз сыйлықтар былай тұрсын, массажист пен дәрігерге, берілуі керек киімге зәру болып қалдық. Жыламаған бала секілді сүттен қағылып жүрміз, сол үшін енді үнсіз қалудың реті жоқтығын түсіндім.

Жарыстарға бізбен бірге медиа өкілдері де бармайды, сұхбат беріп, суретке түсіру не видео деген жоқ. Жаттықтырушымыз амалсыз өз қаражатына қажетті құрал-жабдықты сатып алып, жарыстарды түсіріп жүреді, себебі кімнің қандай қателік жібергенін қарап отыру қажет.

Келесі жылы Пара Азия ойындары өтеді, ол жарыста жеңімпаз атансақ деген ниетіміз бар, тыңғылықты жаттығу жасау керек, тек сол жаттығуды жасайтын жағдай болса дейсің.

 

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам