Ол Қазақстанға қайтуға ниетті емес екенін жеткізді
Кремльде бокстан әлем чемпионаттарының жеңімпаздарын мемлекеттік марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында Ресей президенті Владимир Путин этникалық қазақ боксшы Салтанат Меденоваға арнайы награда табыстады.
Sportarena.kz-тің жазуынша, Салтанат Меденова 2001 жылғы 27 сәуірде Омбы қаласында дүниеге келген. Болашақ боксшы 2023 жылы Сібір мемлекеттік дене шынықтыру және спорт университетін тәмамдаған. Дегенмен, ол спорттағы жолын әлдеқайда ертерек бастап кеткен.
Меденова алғашқы ірі жетістігіне 2017 жылы жеткен. Ол 15-16 жас аралығындағы қыздар арасында Еуропа чемпионатында (80 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Ал 2019 жылы жасөспірімдер арасындағы құрлықтық біріншілікте қола медаль иеленді.
2021 жылы алғаш рет Ресей чемпионы атанып, бір жылдан кейін бұл жетістігін қайталады. 2022 жылы жастар арасында өткен Еуропа чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, халықаралық деңгейде өз орнын нығайтты.
Кейін туған қаласы Омбыда өткен Сібір федералдық округі чемпионатында топ жарып, жанкүйерлер алдында алғаш рет өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Өз сөзінде ол бұл жарыстың ерекше маңызға ие болғанын атап өтті:
— Турнир Омбыда өтті, сондықтан мен үшін басты мотивация — өз үйімде өнер көрсету болды. Бұған дейін туған жерімде жекпе-жек өткізбеппін. Қарсыласымды жақсы білдім, жоспарымды нақты құрдым. Бұл жарыс Ресей чемпионатына іріктеу болғандықтан да жауапкершілік жоғары еді. Жалпы, кәсіби мансабымда ересектер арасында төрт-ақ турнирге қатыстым, сондықтан әр жекпе-жек мен үшін өте құнды, — деді боксшы Ресей бокс федерациясына берген сұхбатында.
Меденованың мансабындағы ең үлкен жетістік 2025 жылы тіркелді. Сербияда өткен әлем чемпионатында (IBA) жартылай ауыр салмақта алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионы атанды.
«Матч ТВ»-ға берген сұхбатында Салтанат өзінің қазақ ұлтынан екенін айтқанымен, өзін Ресеймен тығыз байланыстыратынын жасырмады:
— Менің ең үлкен арманым — әлем чемпионы атану еді. Бұл марапат үшін емес, өз арманым үшін күрестім. Мен — қазақпын. Қазақстаннан «елге қайт» деп жазатындар көп. Бірақ менің туған жерім — Ресей. Мен осында туып-өстім, — деді ол.
Сондай-ақ боксшы бұл мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер айтылғанын жеткізді. Оның айтуынша, кейбір қолданушылар оны сынға алса, қолдау білдіргендер де бар.