Екеуі Чемпиондар лигасындағы өнерін де еске алды.
Алматылық «Қайрат» клубының қақпашылары Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмырза Euronews-ке берген сұхбатында Еуропа клубтарында бақ сынап көруді армандайтынын жеткізді.
«Қайрат» клубының басшылығы Темірлан Анарбековке Еуропаның мықты клубтарынан ұсыныс түссе, оны жіберуге қарсы еместігін мәлімдеген. Қақпашының өзі Англия Премьер-лигасында ойнауды мақсат етеді.
«Арсеналға» қарсы ойнаған кезде соны анық сезіндім. Ондағы футбол мүлде басқа деңгейде: менталитеті де, ойын стилі де өзгеше», – деді Анарбеков.
Ал 18 жастағы Шерхан Қалмырза Испанияның Ла Лигасында өнер көрсетуді армандайды. Ол бала кезінен бері «Барселона» клубында ойнауды армандайды екен.
«Ең алдымен «Қайратты» үлкен аренаға шығарғым келеді. Содан кейін ғана Еуропаға барып, басқа чемпионаттарды бағындыруды қалаймын», – дейді жас қақпашы.
Жас қақпашылар Чемпиондар лигасы аясында әлемнің ең үздік клубтарының біріне қарсы матчты да еске алды.
Естеріңізде болса, Темірлан Анарбеков Қазақстан Премьер-лигасында «Ақтөбеге» қарсы матчта жақ сүйегінен жарақат алып, Чемпиондар лигасы аясында «Реалға» қарсы маңызды ойынды өткізіп алды. Оның орнына негізгі құрамда Шерхан Қалмырза алаңға шыққан. Жас қақпашы сол кезде жарақат алған әріптесін ауруханаға барып қолдап тұрған.
«Әрбір бала «Реалға» қарсы ойнауды армандайды. Бұл – бала күнгі арман. Әрине, аздап көңіл күйім түсті, бірақ өкініш жоқ – бұл футбол. Қалмырзаның ойнайтынын естігенде қатты қуандым. Аға ретінде оған «қорықпа, қысым жоқ, сен әлі жассың» деп кеңес бердім», – деді Анарбеков.
Өз кезегінде Шерхан 18 жасында үлкен деңгейдегі матчқа шығудың қандай әсер қалдырғанын айтты.
«Қосалқы құрамда отырғанның өзі шыңдайды. Әрқашан дайын болуың керек. Қазақстанда осындай деңгейге шығу – кез келген ойыншы үшін үлкен сынақ», – деді ол.
Айта кетейік, «Қайраттың» үшінші қақпашысы Шерхан Қалмырза қақпашылар Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбеков жарақат алғаннан кейін негізгі құрамда алаңға шығып, Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас голкиперлердің біріне айналды.