Испания құрамасының бұрынғы бас бапкері Роберт Морено Оңтүстік Кореяны жаттықтырады
Испания құрамасының бұрынғы бас бапкері Роберт Морено Оңтүстік Корея ұлттық командасын уақытша жаттықтыратын болды. Ол 2026 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін қызметінен кеткен Хон Мён Боның орнын басты.
Оңтүстік Корея әлем біріншілігін Чехияны жеңумен бастағанымен, кейін Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасынан ұтылып, топтық кезеңнен әрі аса алмады. Команданың нәтижесі елде үлкен наразылық туғызып, сынның соңы Хон Мён Боға бағытталған қоқан-лоқыға ұласты.
Әлеуметтік желідегі қолданушылардың бірі өзін 41 жастағы АҚШ азаматы ретінде таныстырып, бапкер Оңтүстік Кореяға оралған кезде оны Инчхон әуежайында өлтіретінін жазған. Полиция күдіктіні іздеуге кірісіп, құрама елге қайтатын күні әуежай қауіпсіздігін күшейтті. Бапкер мен футболшылар тәртіп сақшыларының бақылауымен әуежайдан шығарылды.
Осы жағдайдан кейін Хон Мён Бо қызметінен кетіп, әлем чемпионатындағы нәтижеге толық жауапкершілікті өз мойнына алды.
Оның орнына келген 48 жастағы Роберт Мореномен 27 қарашаға дейін келісімшарт жасалды. Испаниялық маман Оңтүстік Кореяны алты жолдастық кездесуде басқарады. Команда 24 қыркүйекте Эквадормен, 28 қыркүйекте Уругваймен, 2 қазанда Венесуэламен және 6 қазанда Өзбекстанмен ойнайды. Қараша айындағы тағы екі қарсылас әзірге анықталған жоқ.
Күзгі матчтар Морено үшін сынақ кезеңі болмақ. Егер команда жақсы нәтиже көрсетсе, Корея футбол қауымдастығы оған тұрақты бас бапкер қызметін ұсынуы мүмкін.
Роберт Морено бұған дейін Испания құрамасын, «Монако», «Гранада» және ресейлік «Сочи» клубтарын жаттықтырған. Оның жетекшілігімен Испания құрамасы он матч өткізіп, сегіз жеңіске жетіп, екі рет тең түскен.