ҚПЛ-ға жолдама алған «Тұранның» бас директоры қызметінен кетуі мүмкін

Клубтың жаңа инвесторы Дінмұхамет Идрисов болады

ФК «Туран»
ФК «Туран»

Түркістандық «Тұран» футбол клубының бас директоры Улугбек Асанбаев қызметінен кетуі мүмкін. Сондай-ақ клубта маусымаралық кезеңде басшылық құрам мен ойыншылар арасында ауқымды өзгерістер күтіледі. Бұл туралы инсайдер Елдар Аманбаев telegram арнасында жазды.

Дереккөздің мәліметінше, алдағы уақытта «Тұран» қазіргі бас директорсыз, оның жаттықтырушылар штабынсыз және осы маусымдағы ойыншылар құрамынсыз жұмысын жалғастыруы мүмкін.

Маусым басында түркістандық клубтың алдына Бірінші лигада жеңіске жету міндеті қойылған. Жаңа инвестордың келуі бұл мақсатқа жетуге мүмкіндік бергенімен, команда тапсырманы орындай алмады. «Тұран» 2026 жылғы Бірінші лига маусымын үшінші орынмен аяқтап, Премьер-лигаға жарыс регламентіндегі талаптың арқасында жолдама алды. Екінші орын алған «Қайрат-Жастар» негізгі командасының Премьер-лигада ойнауына байланысты жоғары дивизионға көтеріле алмайды.

Инсайдердің жазуынша, клубтың жаңа инвесторы Дінмұхамет Идрисов «Тұранның» Қазақстан футболындағы көшбасшы командалармен бәсекеге түсуін көздейді. Осыған байланысты маусымаралық кезеңде команда құрамын түбегейлі жаңарту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Тұран» 2026 жылғы Бірінші лигада 25 матчтан кейін 54 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орынға тұрақтады. 60 ұпайы бар «Қайрат-Жастар» екінші сатыда келеді. Алайда алматылық клубтың фарм-командасы ҚПЛ-ға көтеріле алмайтындықтан, түркістандық ұжым келесі маусымда елдің жоғары дивизионында өнер көрсетеді.

Улугбек Асанбаевтың қызметтен кететіні және клубтағы жоспарланған өзгерістер әзірге ресми түрде расталған жоқ.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам