Қазақстан футзал құрамасы Беларусьті жеңді

Іріктеу турнирінде Қазақстанның тобында Беларусь пен Албания бар

Қазақстан футзал федерациясы
Қазақстан футзал федерациясы

Футзалдан 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирін Қазақстан құрамасы сәтті бастады. Астанада Беларусьті қабылдаған отандық команда 5:4 есебімен жеңіске жетті.

Матчтағы есепті қонақтар ашты. Ойынның төртінші минутында Сергей Крыкун Игита қақпасынан саңлау тауып, командасын алға шығарған болатын. Алайда, Какау шәкірттері тайм аяқталғанға дейін қатарынан үш гол соғып кетті. Алдымен Альберт Акбаликов таразы басын теңестірсе, Эдсон дубль авторы атанды.

Екінші таймда тағы сол Эдсон қанжығасын үшінші рет майлады. Ал, 32-минутта Игитаның қақпадан шығып кеткенін ұтымды пайдаланған Максим Батурин есепті қысқартқан еді. Бірақ, дәл сол Игита өз қателігін түзеп, Беларусь қақпасына өзі гол соқты.

Матч аяқталар тұста, яғни 40-минутта қонақтар қатарынан екі гол соғып кетті. Алдымен Дмитрий Шведко көзге түссе, бірнеше секундтан кейін Сергей Крыкун таблодағы көрсеткішті 5:4-ке жеткізді. Беларустік ойыншылардың таразы басын теңестіруге уақыты жетпеді.

Іріктеу турнирінде Қазақстанның тобында Беларусь пен Албания бар. Топта бірінші орын алған құрама тікелей Әлем чемпионатына жолдама алады.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам