ФИФА әлем чемпионатындағы даудан кейін Мысыр бапкері мен футболшысын жазалады

Бапкер Аргентинадан жеңілгеннен кейін төрешілердің шешіміне наразылық білдіргені үшін жазаланып отыр

Хоссам Хассан / EFE
Хоссам Хассан / EFE

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2026 жылғы әлем чемпионатында Аргентинадан жеңілгеннен кейін төрешілердің шешіміне наразылық білдірген Мысыр құрамасының бас бапкері Хоссам Хассан мен ұлттық команда директоры Ибрагим Хассанды үш матчқа шеттетті. Ал шабуылшы Мостафа Зико бес ойынға қатыса алмайды.

Мысыр футбол қауымдастығының (EFA) хабарлауынша, ФИФА-ның тәртіптік комитеті бұл жазаны Аргентинамен өткен кездесуден кейінгі әрекеттерге байланысты тағайындаған.

Әлем чемпионатының 1/8 финалында Мысыр құрамасы Аргентинадан 2:3 есебімен жеңілді. Кездесудің 79-минутына дейін екі доп айырмасымен алда тұрған мысырлықтар басымдығын сақтай алмады.

Матчтағы ең даулы сәттердің бірі 58-минутта болды. Бас төреші Франсуа Летексье VAR жүйесінің көмегіне жүгінгеннен кейін Мостафа Зиконың голын есепке алмады. Төреші шабуылдың басталу кезеңінде Марван Атейя ереже бұзды деп шешкен. Ал қосымша уақытта Мысыр құрамасы бапкерлер штабының өкілі Сафаан Эль-Сагир қызыл қағаз алды.

Ойыннан кейін Хоссам Хассан төрешілерді әдейі әділетсіз шешім шығарды деп айыптады. Зико да арбитр Мысыр құрамасына қарсы шешім қабылдау үшін алаңға шыққанын мәлімдеді.

Осы оқиғалардан кейін ФИФА тәртіптік жаза қолданды. Мысыр футбол қауымдастығы шешімдердің толық негіздемесін сұратып, олардың заңдылығын зерделеп жатыр. EFA апелляция беру мүмкіндігін де қарастыруда.

Жазаның салдары қандай?

Хоссам және Ибрагим Хассандар қарашада Малавиге қарсы өтетін Африка кубогының іріктеу кезеңіндегі екі матчты өткізіп алады. Сондай-ақ олар наурыздағы халықаралық үзіліс кезінде Анголаға қарсы өтетін алғашқы кездесуге қатыса алмайды.

Ал Мостафа Зиконың бес матчтық дисквалификациясы 2027 жылғы маусымға дейін созылады. Ол іріктеу кезеңіндегі қалған төрт ойынды және тағы бір кездесуді сырттан бақылауға мәжбүр болады.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам