Лео Игита Қазақстан құрамасымен қоштасатынын мәлімдеді

Бразилияда дүниеге келген Лео Игита Қазақстан құрамасындағы алғашқы ойынын 2013 жылы өткізді

ҚФФ
ҚФФ

Қазақстан футзал құрамасының капитаны Лео Игита 2028 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі ұлттық команда сапындағы соңғы кезеңі болатынын айтты. Ол бұл туралы Астанада Беларусь құрамасын 5:4 есебімен жеңгеннен кейін мәлімдеді.

40 жастағы қақпашы кездесуде бірнеше қауіпті соққыға тосқауыл қойып қана қоймай, гол да соқты. Матчтан кейін ол киім ауыстыратын бөлмеде командаластарына өз шешімін жеткізіп, журналистерге Қазақстан құрамасында ойнаудың өзі үшін қаншалықты маңызды екенін айтты.

«Кеше бүгінгі ойын туралы ойлап, қатты толқыдым. Мұндай сезімді көптен бері бастан өткермеппін. Өйткені бұл - ұлттық құрамадағы соңғы іріктеу кезеңімнің алғашқы қадамы екенін түсіндім. Киім ауыстыратын бөлмеде де эмоциямды жасыра алмадым. Тіпті, командаластарымнан кешірім сұрадым, себебі толқығанымнан айтқым келген ойымды толық жеткізе алмадым. Қазақстан үшін, маған есігін ашқан осы ел үшін ойнау - мен үшін үлкен мақтаныш. Қазақстан - менің үйім, менің жерім. Бұл ел мені де, жұбайым мен қызымды да құшақ жая қарсы алды. Сондықтан алаңға шығып, бар күшімді салу - менің қолымнан келетін ең аз нәрсе», - деді Игита.

Бразилияда дүниеге келген Лео Игита Қазақстан құрамасындағы алғашқы ойынын 2013 жылы өткізді. Ұлттық команда сапында ол 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Ал 2021 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жартылай финалға дейін жетті.

Қазақстан құрамасы 2028 жылғы әлем чемпионатына жолдама алу үшін күресті жалғастырып жатыр. Келесі кездесуін команда 10 қарашада Беларусь құрамасына қарсы сырт алаңда өткізеді. Ал 9 желтоқсанда Астанада Албания құрамасын қабылдайды.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам