УЕФА турнирді қабылдайтын мемлекетті 2027 жылдың қыркүйегінде анықтайды
Қазақстан футзалдан 2030 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңін өткізуге үміткер елдердің қатарына қосылды. УЕФА турнирді қабылдайтын мемлекетті 2027 жылдың қыркүйегінде анықтайды.
Қазақстан футбол федерациясы құрлықтық біріншіліктің финалдық кезеңін ұйымдастыруға қызығушылық білдіріп, ресми өтінім берді.
Бұл құқық үшін Қазақстанмен бірге Испания, Хорватия, Франция, Финляндия, Грузия және Польша таласады. Жалпы, турнирді өткізуге жеті ұлттық қауымдастық үміткер болып отыр.
УЕФА рәсіміне сәйкес, үміткер елдер өтінімдерінің түпкілікті құжаттарын 2027 жылғы 8 маусымға дейін тапсыруы керек. Ал турнир иесі сол жылдың қыркүйегінде УЕФА Атқарушы комитетінің отырысында белгілі болады.
Алдағы жылдары Қазақстанда УЕФА аясындағы бірнеше ірі футбол іс-шарасы ұйымдастырылады. 2027 жылы Астанада УЕФА-ның 51-конгресі және 19 жасқа дейінгі футзалшылар арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі өтеді. Ал 2028 жылы елордадағы «Астана Арена» стадионында УЕФА Суперкубогы үшін матч ұйымдастырылады.
Егер Қазақстан футзалдан Еуро-2030 турнирін өткізу құқығына ие болса, ел тарихында алғаш рет ересектер арасындағы футзалдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңін қабылдайды.