Қазақстанда футбол деңгейі нөл. Айболдың “крышасы” кім? Шалдар, кетіңдер!

Euro-2024: Испания «өлім» тобынан қалай шығады?

18.05.2024, 19:55

Еурода ерлік жасаған Испания

Биыл футболдан Еуропа чемпионаттары тарихында екі құраманың төртінші рет Қарт құрлықтың чемпионы атануға және бас жүлде иелену жағынан өзіндік рекорд орнатуға тамаша мүмкіндік туып тұр. Соның бірі – жарыс қожайыны Германия болса, екіншісі Испания құрамасы. Қазірге дейін екі елдің футболшылары Еуродода тарихында үш мәртеден топ жарып, үздіктер қатарында үзеңгі қағысып келеді.

ЕУРО-2024 күнделігінің кезекті шығарылымын Испания құрамасына арнаймыз.

Жалпы, Испания үшін Еуропа чемпионаты ең ерекше, ең қадірлі біріншілік деп айтуға болады. Бір ғасырдан аса тарихы бар футболдан Испания ұлттық құрамасы бүгінге дейін Еуропа чемпионатына үш мәрте жеңіс тұғырынан көрінді.

«Қызыл фурия» футболшылары Еурода ең кейінгі рет осыдан 12 жыл бұрын, яғни 2012 жылы Польша мен Украинада өткен доп додасында топ басынан көрінді. Финалда Пирло бастаған Италия футболшыларын 4:0 есебімен тас-талқанын шығарды. Өздеріңіз білетіндей, Испания қарсыластар қақпасына қомағайлана гол соға беретіндердің қатарына жатпайды. Бірақ осы бір финалда соққан 4 гол финалдың сәнін келтірді.

Икер Касильяс, Карлес Пуйоль, Серихо Рамос, Хаби Алонсо, Андрес Иньеста, Сеск Фабрегас, Давид Сильва, Фернандо Торрес және тағы басқа талантты футболшылардан жасақталған Испания құрамасы 2008 жылдан 2012 жылға дейін әлем футболында билік құрды. Екі рет Еуроны, бір рет әлем біріншілігін жеңді.

Жалпы, мемлекеттер арасында болсын, футбол додаларында болсын бір мемлекет ешқашан ұзақ уақыт билік құрмаған. Испанияның футболдағы алтын дәуір 2014 жылы аяқталды. Әлем футболындағы құрамалардың нәтижелілігін алып қарайтын болсақ, 1958-1966 жылдары Бразилия, 1972-1976 жылдары Германия, 1998-2002 жылдары Франция футбол әлемінде билік құрды. Бірақ барлығы да футболдың дамуына қарсы тұра алмай, тақтан түскен. Сол сияқты Испания да 2008-2014 жылдар аралығында екі Еуропа, бір әлем чемпионатында топ жарып, алтын тағын басқа құрамаларға босатып берді.

Әртүрлі себептерге байланысты 10 жылға жуық халықаралық турнирлерде нәтиже көрсете алмаған Испания биыл үлкен мақсатпен келе жатқаны түсінікті. Жа0лпы, Еуропа футболы, оның ішінде Испания футболы ешқашан таланттардан кенде болмаған. Бір жұлдыз сөнсе, артынан екінші жұлдыз жарқ ете қалады. Сол сияқты қазіргі таңда Испания футболы буын алмасу кезеңін бастан өткізіп, құрама түгелдей болмаса да, чемпиондық құрам жасақталып қалды. Соның дәлелі ретінде Испания былтыр 9 жылдан кейін бірінші рет Ұлттар кубогі турнирінде жеңімпаз атанып, Еуропа чемпионатының алдында өздерін «үлкен сахнаға» қайтара оралғанын мәлімдеді.

Испания 2008-2014 жылғы алтын дәуірінде Икер Касильястің арқасында қақпашыдан таршылық көрген емес. Қазір де Испания құрамасы қақпашыдан алаңдап отырған жоқ. «Атлетиктегі» Унаи Симон да, «Арсеналдағы» Давид Райя да қазір әлемдегі ең мықты қақпашылардан. Рая жуырда АПЛ-дің ең үздік қақпашысына берілетін «Алтын қолғап» иегері атанды. Одан бөлек, Кепа Аррисабалага да бар екенін ұмытпаған абзал.

Қорғаныстың орталық шебінде кейінгі матчтарда натурализацияланған қос қорғаушы – Эмерик Ляпорт пен Робен Ле Норман сәтті жұп құрап өнер көрсетіп жүр. Қорғаныстың оң қапталында «Реал» ойыншысы Даниэль Карвахаль бар. Сол жағында тағы бір «Реал» ойыншысы Фран Гарсия мен Хосе Гайя («Валенсия») сенім артуға болады.

Сонымен қатар Начо Фернандес, Давид Гарсия, Пау Торрес, Хесус Навас, Алекс Гримальдо және Педро Порро кез келген уақытта қорғанысқа көмектесе алады.

Ал орталық алаңда әлемің үздік жартылай қорғаушылардың бірі – Родри бар. Бұл ойыншыны Испанияның моторы деп айтсақ та болады. «Сити» сапында да негізгі құрамның ойыншысы. Одан бөлек, оң қапталда жас таланттар Дани Ольмо мен Педри, сол жақта Фабиан Руис пен Микель Мерино бар. Марко Асенсио, Дани Себальос, Алейкс Гарсия та құрамды күшейтуге дайын футболшылар.

Испания құрамасының шабуылында Мбаппе, Холланд секілді аузын айға білеген нағыз сұрмерген футболшы жоқ болуы мүмкін, бірақ ойын тағдырын жалғыз өзі оп-оңай шеше салатын шабуылшылар көп. Мәселен, команда капитаны Альваро Мората, жуырда ғана Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Бавария» қақпасына 4 минутта дубль жасап, «Реалды» финалға шығарған Хоселу бар. «Барселонаның» қос таланты – Ламин Ямаль, Ферран Торрес, «Байердегі» Борха Иглесиасті де ерекше атап өтуге болады. Бұдан бөлек, Микель Ойярсабаль, Пабло Сарабия, Жерар Морено секілді шабуылшылар бар. 

Испания – күмәнсіз турнир фавориттерінің бірі. Бірақ Де ла Фуэнте шәкірттері Еуроның ең қиын тобына түскенін ұмытпаған абзал. Олар топтық кезеңде қазіргі Еуропа чемпионы – Италия, кейінгі екі әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері – Хорватия және Еуро-2024 турнирінің іріктеуінде сенсация жасап, 8 ойынның тек біреуінде ғана жеңіліп, өз тобында бірінші орын алған Албания құрамаларымен ойнайды. Футбол мамандары «Өлім тобы» деп атаған топтан келесі кезеңге сүрінбей шығудың өзі кез келген құрама үшін үлкен табыс болғалы тұр. Хорватия мен Италияны былай қойғанда, Албанияның өзі үш құрамаға да оңайлықпен ұпай үлестіре салмайтыны анық.

Испанияның осал тұсы қайсы? Жартылай қорғаныс пен шабуылда Испания құрамасында аса қатты проблема жоқ. Тек қорғаныс сызығы кей матчтарда сыр беріп жүргені жасырын емес. Наурыз айында Колумбия және Бразилия құрамасымен өткен екі матчта да Испания футболшылары бір жеңіліп, бір тең нәтиже тіркеді. Алғашқы ойында Колумбияға 1:0 есебімен есе жіберсе, Бразилиямен 3:3 есебімен тең түсті. 87-минутқа дейін 3:2 есебімен жеңіп жатқан Испания қосымша минутта пенальтиден гол өткізіп алып, тең нәтиже разы болды.

Жалпы, Испания үшін Еуропа чемпионаты ең ерекше, ең қадірлі біріншілік деп айтуға болады. Бір ғасырдан аса тарихы бар футболдан Испания ұлттық құрамасы бүгінге дейін Еуропа чемпионатына 11 рет қатысқан.

Еурода ойнаған матчтар саны бойынша Испания құрамасы сапынан Джорди Альба, Сеск Фабрегас және Андрес Иньеста рекордсмен саналады. Үш футболшы да Еуропа чемпионатында 16 матч өткізген. Олардан кейінгі орындарға 15 матчпен Серхио Рамос және Дэвид Силва жайғасқан.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам