«Челси» шабуылындағы бәсеке: Дастанға орын бар ма?
Тодд Боэлидің «Челси» клубынан кетуі жайлы
Жуырда америкалық миллиардер Тодд Боэли «Челси» клубындағы үлесін сатып, директорлар кеңесі төрағалығынан кетті.
Бұдан былай «Челси» клубына толықтай Clearlake Capital компаниясы иелік етеді. Футбол клубының ресми мәлімдемесінде басшылық ауысқанымен, жұмыс процесі мен команданың даму стратегиясы өзгермейтіні айтылды. Өйткені, бұл клубта қазақтың үкілеген үміті Дастан Сатпаев бар.

Тодд Боэли (фото: Bradley Collyer / AP)
Өкінішке қарай, ағылшын футбол клубтарын сатып алған америкалық миллиардерлер сәтсіздікке жиі тап болады. Себебі, Еуропада бәрі басқаша. АҚШ-та спорт толығымен коммерцияланған және инвесторлардың табысын қорғайтын жүйе бар. Ал, Еуропада футбол тек бизнес емес, ауқымды әлеуметтік һәм мәдени субъект.
АҚШ-тағы NFL, NBA, MLS сияқты басты лигалардағы бәсеке мүлде басқа жүйеге негізделген. Онда ешбір команда маусымдағы мардымсыз нәтиже мен осал ойыны үшін жоғарғы лигадан шығып қалмайды. Еуропа футболында бұл алгоритм мүлде басқа. Сәтсіз маусым өткізген клуб төменгі лигаға ұшып, жүздеген миллион еуро табысынан (трансляция, демеушілер) бір-ақ сәтте қағылады. Тіпті, мұндай құлдырау кезінде клубқа берілетін субсидия да (парашют төлем) көмектесе алмайды.
АҚШ-та ақшаңды салсаң жеткілікті, ал Еуропа футболында ақшаңды да, жаныңды да саласың.
«Челси» клубындағы Абрамович/Боэли эрасы: екі түрлі даму векторы
«Челси» клубына әр жылдары иелік еткен олигарх Роман Абрамович (2003-2022) пен америкалық миллиардер Тодд Боэли (2022-2026) екі түрлі стратегиямен жүрді.

Роман Абрамович (фото: Hannah McKay Livepic / Reuters)
Тодд Боэли тұсында «Челси» қатарына қосылған жас таланттың бірі – Дастан Сатпаев. Қазақстан мақтанышы клубтың дәл қазір ұстанатын саясатына дөп келген трансфер. Егер, Дастан «Барселона» академиясынан («Ла Масия») шыққан вундеркинд болса, «Челси» оның трансферіне қыруар қаражат жұмсайтын еді. Сондықтан лондондық клуб дәл осы трансфер тұрғысында екі жеп биге шықты. Дастан – дивиденді көп инвестиция.
Енді «Челси» клубында соңғы сөзді айтатын – Clearlake Capital компаниясының негізін қалаушылардың бірі Бехдад Эгбали. Клуб саясаты өзгере ме? Толықтай емес, бірақ ішінара. «Челси» – «Страсбур» тандемі жалғасады. Ал, жаңа стадион салу мәселесі тағы да кейінге қалуы мүмкін.
«Бернли» Дастанға не береді?
«Челси» жазғы оқу-жаттығу кезінде Дастанды қатарына қосқанымен, жаңа маусымды басқа құраммен бастады. Ал, Дастанды былтыр ғана АПЛ-да ойнаған, қазір Чемпионшип аутсайдеріне айналған «Бернли» клубына жалға берді.
Чемпионшип – «асарын асап, жасарын жасаған» ағылшын ардагерлері (Кайл Уокер, Джейми Варди) мен мұрты енді тебіндеген жас таланттардың тоғысқан жері. Бұл дивизионда ТОП футболшылар жоқ, бірақ болашағы зор таланттардың тәжірибе жинайтын алаңы.
Чемпионшипте 24 команда – 46 матч. Бабында тұрған кез келген футболшыға ротацияда орын бар. Алдағы маусымнан бастап АПЛ жолдамасы үшін талас толық өзгереді. Бірінші, екінші орын алған команда АПЛ-ға тікелей жолдама алса, 3-8 орынға жайғасқан клубтар қалған бір вакансия үшін жанталасады. Дәлірек айтсақ, 3-4 орын алған 2 команда ½ финалда қарсыласын күтсе, 5-8 орын алған клубтар ¼ плей-офф кезеңінен бастайды.
Мақұл делік. Бірақ әңгіме бұл туралы емес. Бүгінгі сөз «Бернли» клубын таңдаған Дастан Сатпаев жайында.
Зорығады, бірақ шыңдалады: Бір маусымда 46 тур. Үнемі стартта жүрген футболшы физикалық тұрғыда әбден зорығады. Оған қоса Англия кубогы бар. Мұндай марафонға шыдаған футболшы АПЛ-дың қарқынына физикалық тұрғыдан қиналмай бейімделеді. «Челси» басшылығының күткені де осы. Ысылған, физикасы шыңдалған, дөрекі футболдың дәмін көрген Дастанды көргісі келеді. Тіпті, солай болып та жатыр.
Чемпионшип ойын сапасы жағынан Еуропаның ТОП-5 чемпионатымен тайталаса алмайды. Бірақ, Түркия суперлигасы (Галатасарай мен Фенербахчесіз) мен Португалия чемпионатынан (Порту, Бенфика, Спортингсіз) кем түспейді. Аутсайдер/фаворит деген ұғым жоқтың қасы. Әр матч – қарусыз майдан. Алаңда бір-бірін жаншып, сындыруға бар. Бәрінің мұраты – АПЛ. Өйткені, АПЛ-ға шықса телевизиялық трансляция үшін қыруар қаржы алады. Сол үшін де бәсеке жоғары.

Дастан Сатпаев (фото: Burnley FC)
Дастан «Бернли» сапында төрт матч өткізіп, жарақат алып үлгерді. Жаңа клубтағы әр минутын шалқар шабыт, зор энтузиазммен өткеруге кіріскен вундеркинд ә дегеннен-ақ «Бернли» жанкүйерлерінің жүрегін жаулап, бас бапкер Ники Хайеннің мақтауына ілікті. Көптің қолдауы мен бапкердің қолпашы Дастанды одан сайын қанаттандырып, 12-нөмірлі футболшының алаңда жанын салуға итермеледі. Соңы немен біткенін білесіздер.
«Бернли» – Дастан үшін трамплин, бірақ денсаулығын құрбан ететін инстанция емес. Шабуыл біткеннің бәріне шапқылап, прессингке үздіксіз тап бере беретін болса, тағы да жарақат алмауына кепілдік жоқ.
Ники Хайен – нәтижені бірінші орынға қоятын бапкер. «Брюгге» клубында да солай болған. «Бернли» де сол үшін шақырды. Мақсат – клубты қалай да АПЛ-ға сүйреп шығару. Дастан – «Челси» ойыншысы. Қазір сөлін сығып алу керек. Әбден пайдалан, қажетіңе жарат. Міне, Дастан осы нарративтен жеңімпаз болып шығуы керек. Жанкүйер қолдауы мен бапкер сенімі бар ма? Бар. Ойна, бірақ ақылмен доп теп. Жарақат – футболда жиі кездесетін жағдай, бірақ оның соңы рецидивке айналмауы керек. Егер Дастан бұдан кейін жарақаттан ада болса, осы маусымда «Бернли» сапындағы үздік ойыншы атануына мүмкіндік бар.
«Челси» шабуылындағы бәсеке: Дастанға орын бар ма?
Дастанның осы маусымдағы мақсаты – ағылшын футболымен етене танысу, ағылшын тілін толық меңгеру, жаңа климат пен ортаға бейімделу. Кайл Уокер, Джейми Варди сынды ардагер командаластарымен коммуникация орнатып, кеңес алу. Күшін екшеп жұмсап, гол+пас өнімділігін арттыру.
Сосын бір жылдан кейін Чемпионшип есігін тарс жауып, әлемдегі ең тартысты лигаға (АПЛ) сақадай сай оралу.
Ал, енді «Челси» шабуылында Дастанға орын бар ма? Осы сұраққа тоқталайық. «Челси» стартында бірден ойнап кету үшін Неймар, Ламин Ямал сияқты сұрапыл талант болуың керек. Қазір Эстевао, Жоао Педро, Педру Нету, Эмануэль Эмега, Джейми Гиттенс, Коул Палмер, Жеовани Кенда сияқты монстрлар өзара бәсекелесіп жатыр. «Астон Вилла» жалға алған Алехандро Гарначо, «Тоттенхэм» арендаға алған Михаил Мудрик тағы бар.
Аталған футболшылар ойын мәнері жағынан бір-біріне өте ұқсас. Оларды футбол тілімен инверсияланған вингер (inverted winger) деп атайды. Яғни, қапталдан доп алып шабуыл өтіне ойысатын (Мбаппе, Гакпо, Ямаль соған мысал) форвардтар.

Дастан Сатпаев (фото: FC Chelsea)
Иерархия тұрғысынан да Дастан Сатпаевтың осы тізімнің соңында тұрады: Жасы – трансферлік құны – тәжірибесі.
Бірақ, «Челси» биыл Еурокубоксыз қалды. Келесі маусым Чемпиондар лигасы/Еуропа лигасы/Конференция лигасына қайта оралатын болса, Дастан Сатпаевтың ротацияға енуіне әбден болады.
Дастанның оралуы бас бапкерге де байланысты. Хаби Алонсо әлі бір шешімге келген жоқ. Ойын мәнері – команда құрамы әлі тұрақталмады. Эксперимент жалғасып жатыр. Шабуыл шебінде Роджерс/Педро/Палмер (Морган Роджерс негізі жартылай қорғаушы) карт-бланш берілді. Үш қорғаушы жүйесімен ойнап жатқандықтан, вингерлерді жиі пайдаланып жатқан жоқ (Эстевао, Эмануэль Эмега, Джейми Гиттенс, Жеовани Кенда). Педру Нету қорғаныс пен шабуылдың арасын жалғайтын латеральға айналды. Эстевао, Эмануэль Эмега, Джейми Гиттенс, Жеовани Кенда (төртеуінің трансферлік құны €200 млн) системаның құрбаны болып, ротацияның ойыншысы болып барады.
Қорғаныс режимі де ротациядан көз ашпай жатыр. Орталық үш қорғаушы әр матч сайын ауысып отырады.
Сондықтан, Дастан Сатпаевтың Кобхэмге камбэгі Хаби Алонсоның нақты ойын жүйесіне де байланысты. Командаға қажет пе, жоқ па? Бәсекеге дайын ба, әлде ротацияны күте ме? Тек шабуыл шебінде ойнағысы келе ме, әлде системаның «құрбаны болып» латераль/фулбэк позициясына бейімделе ме? Алонсо үшін дәл осы позиция проблема болып отыр. «Байер» клубында қос қапталда Гримальдо мен Фримпонг бас бапкердің нұсқауын мінсіз атқарған болатын. Қазір «Челси» бес турдан кейін АПЛ клубтары арасындағы ең көп гол жіберген (13) команданың бірі болып отыр.