Алнсо шәкірттерінің жеңіліссіз ойындар сериясы 51 матчтан аспады
«Аталанта» футбол клубы тарихында алғаш рет Еуропа лигасының чепионы атанды. Турнирдің финалында бергамолық команда Германия чемпионы «Байердің» қақпасына жауапсыз үш гол соғып, биылғы маусымдағы алғашқы трофейін иемденіп отыр.
«Байер» үшін де жеңіліссіз матчтар сериясы осымен аяқталды. Хаби Алонсо шәкірттері соңғы 51 ойында мүлдем жеңілмей келген еді. Нәтижесінде тарихында алғаш рет Германия чемпионы болып, Еуропа лигасының финалына да алғаш рет шығып отыр.
Матч алдында букмекерлер «Байерді» фаворит деп тапқан. Футбол сарапшылары да «неміс машинасының» сөзсіз жеңетініне сенімді еді. Алайда, Джанпьеро Гасперини шәкірттері ойын бастала салысымен-ақ тізгінді өз қолына алып, 12-минутта есеп ашты. Гол авторы – Адемола Лукман. 26-минутта тағы сол Лукман есепті еселесе, екінші таймның ортасында (75-минут) нигериялық легионер хет-трик авторы атанды.
Осы ретте айта кету керек, Еуропа лигасының финалында бұрын-соңды хет-трик тіркелмеген. Лукман турнирдің тарихына өз атын алтын әріппен жазды.