Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Мбаппе Зиданның жетістігін қайталай ала ма?

03.06.2024, 02:11

Тарихи деректер бойынша футболды ойлап тапқан ағылшындар болғанымен, осы ойынды дамытқан француздар. Оған дәлел де жеткілікті. FIFA-ны құру жайлы бастамашыл топтың жетекшісі Робер Герен, алғаш әлем чемпионатын өткізуді жүзеге асырған Жюль Римэ, қарт құрлықтағы клубтық турнирді ойлап тапқан Габриэль Ано, UEFA-ны аяққа тұрғызған, 1960 жылғы Еуропа чемпионатын ұйымдастырған Анри Делонэ, тіпті, бірнеше  жыл UEFA-ны басқарған Мишель Платини де француз азаматары. Еуропа біріншілігінің тұсауы да Францияда кесілген. Сондай-ақ «Алтын доптың» иегерін анықтайтын «Франс футбол» журналы да осы елде шығады.

Ендеше, ЕУРО-2024 күнделігінің кезекті шығарылымын Франция құрамасына арнаймыз.

Қазір «Үш жолақтылардың» әлем футболында мысы басым. Мбаппесі бар команданың осылай ойнауы заңдылық та шығар. Соңғы екі әлем біріншілігінің финалында Францияның өнер көрсетуі осы сөзіміздің дәлелі болар. Дегенмен олардың қазіргі арманы кәрі құрлықтың бас кубогын иемдену. Өйткені Еуропа чемпионатында француздардың чемпион болмағанына 24 жыл өтіпті. Соңғы рет Зидан, Анри ойнаған тұста 2000 жылы жеңіске жеткен.

Қызығы, Францияның құрамасы мықты, алайда командалары еурокубокта мардымды ештеңе көрсете бермейді. Чемпиондар лигасында 1993 жылғы Марсельден кейін бірде-бір командасы топ жармаған. Одан кейін Монако мен ПСЖ бір-бір рет финалға жеткенімен,  чемпиона атана алмады.

Дегенмен, бүгінгі таңда Францияның ұлттық құрамасы адуынды. Жолында кездескен кез келген команданы таптап өтуге дайын. Осындай қарсыластың түсіне кіретін жаңарған Франция құрамасы қалай жасақталды деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Еуро-2012 чемпионаты аяқталған соң, Лоран Бланның орнына бас бапкер болып Дидье Дешам тағайындалды. Екі бапкер де ұлттық құрама сапында бірге ойнап, әлем мен Еуропа чемпионатында жеңіске жеткен ойыншылар. Бапкер ретінде де көпшілікке танылып қалған. 

Дешамның баптауымен Франция 2014 жылғы әлем чемпионатында ширек финалда болашақ чемпион Германияға жол берді. 2016 жылы өздерінде өткізген Еуропа біріншілігінің финалда Португалиядан жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал бұдан кейін Францияның жұлдызды кезеңі басталды. 2018 және 2022 жылғы әлем чемпионаттарында финалға дейін жетті. Алғашқысында чемпион атанса, соңғысында күміс жүлдені қанағат тұтты. Оның арасында Ұлттар лигасын ұтып алғаны бар. Бірақ Еуро-2020 олар үшін сәтсіз аяқталды.

Ортаңқол Швейцария құрамасынан пенальти сериясында жеңілді. Енді, міне, сол кеткен қателіктен сабақ шығаратын сәт туындады.

 Бұл – Дешамның бас бапкер ретіндегі алтыншы турнирі. Егер табысқа жете алмаса, құрамамен қоштасуы мүмкін. Қазіргі Франция құрамасында кадрлық мәселе жоқ. Әрбір шепте кемі екі-үш әлемдік деңгейдегі жұлдызды ойыншылар бар. Енді солардың басын құрап, дұрыс ойын көрсете білу де оңай емес. Бас бапкердің тағы бір мәрте сыналатын кезі.

Құрамға көз жүгіртер болсақ, бірінші кезекте биыл құрамада жаңа қақпашы. Уго Льорис карьерасын аяқтаған соң, оның орнын негізінен Майк Меньян басты. «Миланның» жетістіктеріне еңбегі сіңген Меньян енді ұлттық құрамасымен де титул ұтқысы келеді-ақ.

Майктен бөлек, Альфонс Ареоля мен Брис Самба бар. Екеуі де кез келген сәтте алаңға шығуға дайын қақпашылар.

Францияның басты қаруының бірі қапталдағы ойыншылары. Қорғаныстың оң жағында Бенжамен Павар мен сол жағында ағайынды Эрнандестердің кішісі Тео бар. Екеуі де Италия чемпионатында доп тебеді.  

Дидье Дешамда қорғаныстың орталық бөлігіне қоятын таңдау да жетерлік. Ол кейде Дайо Упамекано мен Вильям Салиба жұбына, енді бірде Кунде мен Люка Эрнандеске де сенім артып жатады.

Қарсыластың шабуылына бірінші тосқауыл болып, кейін өздері қарымта шабуыл ұйымдастыратын Орельен Чуамени, Эдуард Камавинга секілді «Реалда» ойнайтын жұлдыздары негізінен қара жұмысқа жегіледі.

Оң қапталдан Усман Дембеле шабуылдап, қарсыластың қорғаушыларының ығырын шығратыны бар. Ортада плеймекер ретінде ойынды ұйымдастыратын тәжірибелі – Антуан Гризманға ерекше үміт артылады. Испания чемпионатында бірнеше жылдан бері ойнаса да, ештеңе ұта алмай жүрген Гризманның жалғыз жұбанышы – ұлттық құрама. Францияның бас командасы сапында әлем чемпионы атанды. Әйтпесе, бәлкім Гризманн да Ройс секілді кубокқа зар болып жүрер ме еді?

Ал құрама капитаны Килиан Мбаппе – ол еркін ойыншы. Алаңның қай бұрышында жүрем десе де өзі біледі. Бас бапкер оған карт-бланштың бәрін беріп қойған. Франция президенті  Эмманюэль  Макроның қамқорлығына бөленіп жүрген Мбаппе де құрамаға келгенде барын салады.

Айтпақшы, Килианның ПСЖ-дан кеткенін жақсы білесіздер. Француз жанкүйерлері егер биыл Еуроны ұтып жатса, 25 жастағы футболшының бұл әрекетіне түсіністікпен қарары сөзсіз.

Дешамның командасында ұзақ уақыт «тоғыздықтың» мінетін Оливье Жиру атқарды. 40 жасқа жақындаған ардагер футболшы әлі де қатарда. Оны алмастыруға Маркус Тюрам да дайын. Биыл Интер сапында бірнеше гол салып, Италия чемпионы атанған Маркустың ендігі арманы әкесі секілді Франциямен жеңіс тұғырынан көріну.

Дидье Дешам шәкірттері Еуро-2024-тің топтық кезеңінде Австрия, Нидерланды, Польша құрамаларымен бірге түскен. Осы ретте құрметті көрермен Францияның биылғы мүмкіндігін қалай бағалайсыздар? Өз ойларыңызды міндетті түрде комментарийға қалдыра кетіңіздер.  

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам