Жалақыны ол Қазақстан бюджетінен алмайды деп сендірді еліміздің футол федерациясы
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына Станислав Черчесов бас бапкер болып тағайындалғаннан кейін оның қомақты көлемде жалақы алатыны айтыла бастаған еді.
Бейресми ақпарат көздерінің мәліметінше, ресейлік маманға еліміздің футбол федерациясы жылына 1,2 миллион еуро төлеуі мүмкін. Алайда, бұған қатысты федерация тарапы пікір білдіріп, аталған ақпаратты жоққа шығарып бағуда.
«Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Станислав Черчесовтің жалақысы туралы ақпарат асыра көрсетілген және шынайылыққа сәйкес келмейді. Келісімшарттың құпиялығын сақтай отыра, бапкердің жалақысы жария етілмейтінін хабарлаймыз. Келісімшарт бюджет тарапынан қаржыландырылмайды», - деп жазылған ҚФФ таратқан мәліметте.
Сондай-ақ, футбол федерациясы бұрынғы бас бапкер Магомед Адиевпен келісімшарт екі жақтың келісімімен тоқтатылғанын алға тартты.