
«Қайсар» жанкүйерлері Жасұлан Молдақараевқа бағыттап пластик бөтелке лақтырған
Қазақстан футбол федерациясының тәртіптік-бақылау комитеті бірқатар клубтарға айыппұл мен дисквалификация енгізді.
2025 жылдың 26 маусымында Қазақстан футбол федерациясының тәртіптік-бақылау және этика комитетінің отырысы өтті. Жиында Премьер-лиганың 13 және 25-турларындағы бірқатар тәртіп бұзушылықтар қаралып, шешімдер қабылданды.
13-тур: «Ақтөбе» - «Астана»
«Ақтөбе» клубының жанкүйерлері тарапынан ойын барысында және матч аяқталғаннан кейін бірнеше рет бейәдеп сөздер айтып, тәртіп бұзушылық жасағаны үшін,
«Ақтөбе» клубына 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды — 786 400 теңге.
Айыппұл 2025 жылғы 26 шілдеге дейін төленуі тиіс.
13-тур: «Қайрат» - «Қызылжар»
«Қызылжар» ойыншысы Тоқтар Жаңғылышбай қарсыласын қолымен ұрып, қауіпті ойын көрсеткені үшін,
2 матчқа алаңнан шеттетілді (дисквалификация).
Шектеу мерзімі 2025 жылғы 22 маусымнан бастап есептеледі.
25-тур: «Қайсар» - «Ұлытау»
«Қайсар» жанкүйерлері қарсылас ойыншысы Жасұлан Молдақараевқа бағыттап пластик бөтелке лақтырып, оның бірі басына тигені үшін, «Қайсарға» 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды — 1 966 000 теңге.
Айыппұл 2025 жылғы 26 шілдеге дейін төленуі тиіс.
Сонымен қатар:
«Ұлытау» ойыншысы Хосе Карильо Мансилия қарсыласқа гол соғу мүмкіндігін бұзғаны үшін бір матчқа дисквалификация алды.
Шектеу мерзімі 2025 жылғы 23 маусымнан бастап есептеледі.