
Шешім қабылдар кезде соның бәрінің нәтижелерін ескереміз
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров бас бапкер Әли Әлиевтің ұлттық құрамадағы тағдыры алдағы үш ойынға тікелей байланысты екенін айтты. Федерция президенті Мәжіліс кулуарында мачтардың нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатынын алға тартты.
«Уэльс және Өзбекстан құрамаларымен матчтардың нәтижелеріне қараймыз. Сонымен қатар қарашада Өзбекстанмен жолдастық кездесу өтеді. Шешім қабылдар кезде соның бәрінің нәтижелерін ескереміз. Көңілден шықпаса, онда қош айтысамыз», - деді Омаров.
Айта кетейік, Әли Әлиев ұлттық құрама тізгінін биылғы жылдың басында – ресейлік маман Станислав Черчесов кеткен соң алды. Ол бастапқыда бас бапкердің міндетін атқарушы қызметіне тағайындалса, сәуірде ресми түрде бас бапкер болып бекітілді.
Еске салсақ, әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Әлиевтің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы сырт алаңда Уэльстен 1:3 есебімен ұтылса, Лихтенштейнмен кездесуде 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ал «Астана Аренада» Солтүстік Македониямен өткен матчта 0:1 есебімен жеңіліс тапты.