«Сантос» өз алаңында «Васко да Гама» клубынан 0:6 есебімен ойсырай ұтылды
Бразилия чемпионатының (Серия А – Brasileirão) 20-турында «Сантос» өз алаңында «Васко да Гама» клубынан 0:6 есебімен ойсырай ұтылып, тарихындағы ең ауыр жеңіліске ұшырады. Бұл нәтиже команданы үлкен дағдарысқа тіреп, жанкүйерлердің көңілін қатты құлазытты.
«Морумбис» стадионында өткен матчта «Сантос» толықтай тас-талқан болып, турнир кестесінде де қиын жағдайға түсті. Қорытынды ысқырықтан кейін Неймар алаңда жылап тұрды. Оны жұбату үшін тіпті қарсылас команданың бапкері Фернандо Динис те келуге мәжбүр болды. Кейін Неймар ешкіммен сөйлеспестен бірден киім ауыстыратын бөлмеге кеткен.
Ойынның басты кейіпкерлерінің бірі – бұрынғы «Барселона» жұлдызы Филиппе Коутиньо. Ол дубль авторы атанып, «Васко да Гамаға» сенсациялық жеңіс сыйлады. Матч соңында Коутиньо көз жасын тыя алмаған бұрынғы ұлттық құрамадағы әріптесі Неймарға қолдау білдірді.
ESPN дерегінше, бұл «Сантос» тарихындағы ең ірі жеңіліс. Бұған дейін команда өз алаңында төрт доптан көп айырмашылықпен ұтылған емес. Жеңілістен кейін көп ұзамай «Сантос» бас бапкері Клебер Шавьер қызметінен босатылғаны ресми хабарланды.
Globo басылымы бұл нәтижені «Сантос» тарихындағы ең үлкен масқара» деп атап, команданың жағдайын аса қауіпті деп сипаттады. Қазіргі таңда клуб 21 ұпаймен 15-орында тұр және тікелей төменгі лигаға түсіп қалу аймағынан небәрі екі ұпай ғана алда. Ал 19 ұпай жинаған «Васко» 16-орынға көтеріліп, уақытша «қызыл аймақтан» шығып үлгерді.