
32 мыңнан астам адам футболмен айналысады
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі жазбасында футболды дамытуға қатысты бірқатар бастамалар жөнінде айтты.
Әкім орынбасары алдымен жанкүйерлерді «Қайраттың» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуымен құттықтады.
«Баршаңызды алматылық «Қайрат» футбол командасының жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Шотландиялық «Селтик» тобын жеңген қазақстандықтардың қуанышы облысымыздағы тағы бір бастамамен тұспа-тұс келіп отыр», – деді ол.
Әкім орынбасарының айтуынша, өңірде облыс әкімдігі мен Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Жоба «Freedom Шапағат» қорының қолдауымен жүзеге асырылып, алғашқы кезеңдері басталып кеткен.
«Жоба аясында бұқаралық футболды дамыту үшін шағын форматты футбол алаңдарын салу жоспарлануда. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған қайырымдылық акциялары, түрлі турнирлер іске асырылмақ. Ірі шаралардың бірі – футбол фестивалін қыркүйек айының 13-іне жоспарлап отырмыз», – деп жазды Әлібек Әлденей.
Сонымен қатар 10 мектепті қамтитын пилоттық жоба қолға алынған. Дене шынықтыру пәні мұғалімдері үшін арнайы семинар ұйымдастырылып, кездесу соңында ұстаздарға УЕФА-ның D санаттағы сертификаттары табысталды. Бұл әуесқой футболшыларды ресми түрде жаттықтыруға, әрі қарай C, B, A және Pro деңгейлеріне өтіп, кәсіби бапкерлікке жол ашуға мүмкіндік береді.
Әлібек Әлденейдің айтуынша, бүгінде Қарағанды облысында 32 мыңнан астам адам футболмен айналысады, оның ішінде 10 мыңға жуығы ауыл тұрғындары. Өңірде 100 футбол командасы мен 161 стадион бар.
«Бүгінгі еңбегіміз – ертеңгі сенімді болашақтың іргетасы», – деп түйіндеді ол.