
Өзбекстан құрамасы 13-15 миллион доллар табысқа кенелген еді.
Алматының «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алып, қомақты қаржыға қол жеткізді. Қазақстандық команда 18,62 миллион еуро (шамамен 11,6 млрд теңге) көлемінде сыйақы алады.
Бұл - сома клуб тарихындағы ең ірі табыс. Салыстырмалы түрде алсақ, әлем чемпионатына жолдама алған Өзбекстан құрамасы 13-15 миллион доллар табысқа кенелген еді. Яғни Чемпиондар лигасының қаржылай сыйақысы анағұрлым жоғары болып тұр.
Айта кетейік, іріктеу кезеңінде алматылықтар бірінен соң бірін мықтыларды сүріндірді: Словенияның «Олимпиясын» – 3:1, Финляндияның КуПС-ын – 3:2, Словакияның «Слованын» – 1:1 (пенальтиде 4:3) есебімен ұтты. Ал плей-офф финалында нағыз сенсация жасады – Шотландияның «Селтигімен» 0:0 есебімен тең түсіп, пенальти сериясында 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды.
Бұл жерде қақпашы Темірлан Анарбековтің еңбегі ерен – ол қарсыластың үш бірдей соққысын қайтарып, командасына тарихи жеңіс сыйлады.
Алда не күтіп тұр?
Топтық кезеңдегі әрбір жеңіс «Қайратқа» 2,1 млн еуро (шамамен 1,3 млрд теңге), ал тең ойын 700 мың еуро (436 млн теңге) әкелмек.
Негізгі кезең:
2025 жылдың күзі мен 2026 жылдың қысы аралығында «Қайрат» Еуропаның ең үздік клубтарына қарсы 8 матч өткізеді.
Жеребе 29 тамызда тартылады.