
Ұялмай көретін ойынды тамашалағымыз келеді.
Қазақстандық танымал ММА жауынгері Қуат Хамитов «Қайраттың» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуына қатысты пікір білдірді.
«Әрқашан өзгенің еңбегін құрметтеймін, сондықтан қуаныштарыңызға ортақпын! Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алуларыңызбен құттықтаймын!Бірақ футболға соншама қаржы құйылып жатқандықтан, тек топқа өтуді ғана емес, нағыз шайқасты, ұялмай көретін ойынды тамашалағымыз келеді. Үлкен алаңда сәттілік тілеймін!» – деп жазды Хамитов өзінің Instagram-парақшасында.
Еске сала кетейік, «Қайрат» плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтигін» жеңіп, тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Глазгодағы алғашқы матч 0:0 есебімен тең аяқталса, Алматыдағы қарымта кездесуде «Қайрат» пенальти сериясында жеңіске жетті.
Айта кетейік, Қуат Хамитов бұған дейін де қазақстандық футболды жиі сынға алып, бұл спорт түріне бөлінетін қомақты қаржыны құптамайтынын ашық айтқан.