
Шетелге жолдама сыйлауға дайын оқырман да табылған.
«Қайраттың» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуына бірден бір себепкер болған қақпашы Темірлан Анарбеков екені айдан анық. «Селтикке» қарсы ойындағы өнерінің арқасында Темірлан алаңның қаһарманына ғана емес, әлеуметтік желілердің де нағыз сенсациясына айналды.
Ойын басталар алдында «Қайраттың» 21 жастағы қақпашысының Instagram желісінде небәрі 9 мыңнан сәл астам жазылушысы болса, таңертең бұл көрсеткіш 45 мыңнан асып, кешке қарай 103 мыңға жетті.
Осылайша, Анарбеков ұзақ уақыт бойы қазақстандық жанкүйерлердің басты жас сүйіктісі саналып келген шабуылшы Дастан Сәтпаевтан озып кетті. Бұған дейін 81,8 мың жазылушысы бар Сәтпаев еліміздегі ең танымал жас ойыншы саналатын. Алайда Анарбеков бір тәулікте-ақ Дастанды басып озды. «Қайратты» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шығып, пенальти сериясында үш допты қайтарған 21 жастағы Темірлан жанкүйерлердің сүйікті футболшысына айналып шыға келді.
Threads-те кешелі бері Темірланға түрлі сый-сияпат көрсетуге дайын екенін білдіріп жатқан халық көп. Арасында тіпті тойын тегін жүргізіп, шетелге жолдама сыйлауға дайын оқырман да табылған.
Темірлан Атырау облысының тумасы, футболдағы қадамын туған жерінде бастағанымен, кейін «Қайрат» академиясына ауысқан. Бірінші командада дебютін 2020 жылы өткізді, бірақ көп ойнаған жоқ. Өткен маусымда «Жеңіске» жалға берілді. Ал биыл «Қайрат» сапында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетеді.