
Футболшы өткен аптадағы матчта ауыр бас-ми жарақатын алған
21 жастағы Билли Вигар «Арсенал» академиясының түлегі және «Чичестер Сити» клубының ойыншысы соңғы матчта алған ауыр жарақат салдарынан көз жұмды.
Клубтың ресми Instagram парақшасында жарияланған мәліметке сүйенсек, футболшы өткен аптадағы матчта ауыр бас-ми жарақатын алған. Дәрігерлер жексенбіде ойыншыны жасанды комаға жатқызып, сейсенбіде ота жасалды. Дәрігерлер операция сәтті өткенін айтқанымен, жарақат тым ауыр болып, бейсенбі күні футболшының өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Қайғылы оқиға «Уингейт энд Финчлиге» қарсы өткен матч барысында болған.
Айта кетейік, Билли Вигар футболшы ретіндегі алғашқы қадамын «Арсенал» академиясында бастап, кейіннен лондондық клубтың құрамында бірнеше рет алаңға шыққан.
«Арсеналдың» ресми парақшасында да марқұмның қазасына байланысты көңіл айтты:
«Академиямыздың мақтанышы болған Билли Вигардың қазасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл ауыр сәтте біз оның отбасына және жақындарына көңіл айтамыз. Жаны жаннатта болсын », — делінген хабарламада.