Билікте футболды дамытуға қарсы топ жұмыс істейді. "Қайрат" ішкі конкуренцияны өлтіріп тастаған

Хоккейдегі төбелестен балық бизнесіне дейін: әйгілі тафгай Дамир Рыспаев «Барыстағы» өзгерістер туралы

Бүгін, 14:36

Ол мұзда не үшін жиі төбелескенін айтып берді

Хоккейдегі төбелестен балық бизнесіне дейін: әйгілі тафгай Дамир Рыспаев «Барыстағы» өзгерістер туралы
hc-torpedo.kz

Құрлықтық хоккей лигасында соңғы екі маусымда өте сәтсіз өнер көрсеткен астаналық «Барыс» жуырда басшылық құрам мен команданың ішінде біраз өзгерістер жүргізгенін білеміз. Клубтың директоры мен бас бапкері ауысып, легионер ойыншылардың басым көпшілігі келісімшартты үзді. Бұл қадам «Барысты» тығырықтан шығара ала ма? Өзгерістердің соңы неге алып келеді? Бұл туралы клубтың бұрынғы ойыншысы, қазақтың әйгілі тафгайы Дамир Рыспаевтан сұрап білдік.

– Дамир, спорттан кетіп, кәсіпке бет бұрғаныңызға төрт жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында бизнестің қыр-сырын түсініп үлгердіңіз бе? 

– «Екі қолға бір күрек табылады» деген сөз бар ғой. Сондықтан шамамыз келгенше тырысып жатырмыз. Бүгінде серіктеріммен бірге ШҚО-ның Ұлан ауданында балық өсіру шаруашылығымен айналысып жүрміз, соның ішінде форель өсіреміз. Осы уақыт аралығында бүкіл елдің сұранысын қамтамасыз ететін жағдайға жеттік деп айта алмаймын, бірақ қаланың бір бөлігіне жетеді. Бәрі ақырындап болады ғой. 

Табиғаты көрікті Тайынты өзенінің жанында балаларға арналған лагеріміз жұмыс істейді, онда 70 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Дегенмен, бәсеке өршіп тұрған уақытта алға шығып кеттік деп айта алмаймын. Бұдан бөлек те жобаларымыз бар, оның кейбірі ұзақмерзімді деуге келмес. 

Балалар спортына қатысты да жобамыз бар, алайда бұл туралы әлі айтуға ерте, себебі құжат мәселелері толық шешілген жоқ. 

– Балық шаруашылығында табыс жағы қалай?

– Бір жыл бір жылға ұқсамайды. Біздің таңдаған саламыз оңай емес. Кішкентай шабақтар 1,5-2 келілік балыққа айналғанша көп жұмыс атқарылады. Сондықтан көп зерттедік, іздендік, қателестік, мойымадық. Маман табасың, ол тапқан маманың білікті болмай шығады. Уақыт жоғалтасың. Оның үстіне балықтардың қырылып қалатыны тағы бар. Үш-төрт жылда қателіктер арқылы аздап тәжірибе жинап, енді-енді аяққа тұрып келеміз. 

Өзімді біреуге бизнес жүргізуге қатысты кеңес беретін, жол көрсететін дәрежеге жеттім деп айта алмаймын. Бизнестің табысты болуына әсер ететін факторлар көп. Біреулер карантиннен соң аяққа тұра алмай қалды, енді біріне валюта бағамы ауыр соқты. Кәсіп жүргізуде әлі түк білмейтінімді түсіндім.

«Барыстағы» өзгерістер жайлы

– Өзіңіздің сүйікті клубыңыз туралы сөз қозғасақ. Қазір «Барыста» көптеген өзгеріс болды және болып жатыр. Басшылықтан бастап легионер ойыншыларға дейін қатардан кетті. Сіздің ойыңызша, бұл қаншалықты дұрыс шешім?

– Жыл басында басшылық пен бапкерлерге толықтай карт-бланш берілді. Себебі соңғы екі жылда клуб плей-офф кезеңіне шыққан жоқ. Биылғы маусымға артылған үміт зор еді. Сондықтан легионерлерді сатып алуға қатысты көптеген тәуекелшіл әрі батыл шешімдер қабылданды. Сол ойыншылар басты міндетті орындауы керек болатын. Бірақ іс жүзінде жоспар жүзеге аспай қалды. 

Енді шетелдік хоккейшілерден бас тартып, жергілікті ойыншыларға басымдық беру туралы шешім қабылданып отыр. Кезінде Риганың «Динамосы» осылай әрекет еткен. Олар бірнеше жыл бойы Құрлықтық хоккей лигасында жасындай жарқырай алған жоқ, бар назарды жергілікті ойыншыларды тәрбиелеуге аударды. Кейін соның жемісін көрді. Әлем чемпионаттарында тәп-тәуір өнер көрсетіп, мықтылармен иық тірестіретін жағдайға жетті. Бұл – біз де солардың ізімен жүреміз деген сөз емес, мысал ретінде айтып отырғаным ғой. 

– «Барыс» маусымды өте сәтсіз бастады, жеңіс жоқ, тиісінше конференцияда соңғы орында жүрді. Легионерлер де көп, бапкер де бірнеше рет ауысты. Бірақ, мынадай сүреңсіз ойынға не себеп болды? Әлде бұл басшылықтың қателігі ме?

– Сатып алынған легионерлердің статистикасын қарасақ, олар NHL-де және ҚХЛ-де жақсы өнер көрсетіп жүрген ойыншылар. Бірақ ойынға әсер ететін жайттарды ұмытуға болмайды. Кейде адамға бөтен ел, басқа команда, менталитет әсер етуі мүмкін. Мұхит асып келген адам бейімделіп те үлгермеген болар. Негізі ойыншыларды бапкерлер таңдайды ғой. Бірақ спортта қате таңдауға да орын бар. Кез келген бастама сәтті бола бермейді. 

– Клуб тарапына айтылып жатқан сын көп. Тіпті ресейлік сарапшылардың өзі «Барысқа» ҚХЛ-дан шығуға кеңес берді. Қазір бұл лига бізге керек пе?

– Ресей хоккейі әлемдік деңгейдегі көшбасшылардың қатарында. Ал ҚХЛ – біздің жарты шардағы ең мықты лига. Сондықтан біздің ойыншыларға мықтылармен ойын тәжірибесі міндетті түрде керек. Егер ҚХЛ-дан кетсек, бұл артқа қарай жасалған қадам деп ойлаймын. Әйтпесе отандық хоккейшілер әлем чемпионаттарында лайықты өнер көрсетуі үшін қашан және қай жақта жүріп тәжірибе жинайды?! 

Жақында ғана Алматыда Азия чемпионаты аяқталып, біздің жігіттер жеңіске жетті. Сары құрлық деңгейінде жап-жақсы ойнайтынымызды байқадық. Оған негізінен Қазақстан біріншілігінің өкілдері қатысып, ҚХЛ-дан бір, БХЛ-дан бір ойыншы шақырылды. 

– «Барыс» басшысы Нұрлан Оразбаев енді бар үміт тек отандық ойыншыларға артылатынын жеткізді. Жергілікті хоккейшілермен тәуір нәтижеге жете аламыз ба? Себебі мұндай шешімге күмәнмен қарайтындар өте көп. 

– Плей-оффке шығу кез келген клубтың арманы, мақсаты ғой. «Барыс» та алдына биік мақсаттар қойып отырғаны анық. Сөйте тұра ойыншыларға бейімделуге, шыңдалуға уақыт қажет болатынын ұмытпау керек.

«Барысқа» легионер керек, онсыз жастар өспейді

– Соңғы уақытта «Барысқа» бөлінетін қаражат туралы көп айтылып жүр. Соның бәрін бұқаралық спортты, балалар спортын дамытуға бөлу керек еді деп жатады. Осы уақыт аралығында легионерлерге жүздеген миллион қаражат берілді. Найджел Доустың өзі жылына 900 миллион теңгедей алғаны жазылды. Бұл шығындар қаншалықты ақталды? 

– Біз жергілікті ойыншыларды өсіруіміз керек деп айтамыз да, ол мықты спортшыға айналуы үшін үлгі болатындай адам керек екендігін ұмытып кетеміз. Ол аға буынның айдындағы өнерін ғана емес, спорттан тыс өмірін де көріп өсуі керек. Яғни ол матчқа шыққанға дейін өзін қалай дайындайды, оның күн тәртібі қалай, нешеде тұрып, неше ұйықтайды, ол қалай жаттығу жасайды, міне, осының бәрін өз көзімен көруі керек. Ал мұндай ойыншыны шалғай елден алдырту үшін ол қызығатындай ұсыныс жасалуы керек. NHL-де да хоккейшілер өте көп айлық алады, сіз оны Қазақстанға әкелгіңіз келсе, соған лайық жалақы төлейсіз. Айталық, мың доллар алатын адамға 500 доллар беремін десең, келмейтіні анық қой. Оған кемінде екі мың доллар ұсынуың қажет. 

Найджелге келсек, ол талай жыл «Барыстың» ғана емес, ҚХЛ-ның үздік ойыншыларының бірі болды. Ол маусымдағы барлық матчқа қатысты, 60 минуттың кемінде 30 минутында айдынға шығатын, сондықтан Найджел алған ақшасын толықтай өтеді деп ойлаймын. 

Дегенмен, соңғы жылдағы келісімшарттардың сәтсіз болғанымен келісемін. Бұл өзімізге сабақ болды деп ойлаймын. Қателіктер бәрінде болады ғой.

Спорттан кейінгі өмірге бейімделу

– Хоккейдегі мансабыңызды ерте аяқтадым деп ойламайсыз ба, өкініш жоқ па? 

– Бұл шешімді жан-жақты ойланып, таразыға сала отырып қабылдадым. Спортта аз-маз жетістікке жеттім, танымалдылыққа ие болдым. Сондықтан басқа салаларда да өзімді сынап көргім келді. Хоккеймен де, аренамен де қоштасып, таяқшамды тастап кеттім. Ұсыныстар болды, бірақ өзім карьерамды аяқтаймын деп шештім. 

– Спорттан тыс өмірге бейімделу қиын болған жоқ па?

– Жоқ, үйлендім, екі бала тәрбиелеп отырған жайым бар. Өмірім түбегейлі өзгерді. Қазір бәрі жақсы.

Хоккейде төбелесу – қалыпты жағдай, бұл – ерлердің спорты

– Сізді жұрт «Барыстың» басты тафгайы ретінде білетін. Бұл алдын ала ойланып қабылданған шешім бе, әлде эмоцияның көрінісі ме еді?

– Стиль. Хоккейде төбелесу бұрыннан бар ғой. Бұл қай кезде де нағыз ерлердің спорты болған. Хоккейде ойыншылардың кейбір сәттерді жұдырықпен шешуі қалыпты жағдай. Бастапқыда бір-біріне қысым көрсетеді, ол кейін төбелеске ұласуы мүмкін. Мен төбелесуді бір күнде бастап кеткен жоқпын. Жасөспірімдер, жастар лигасында төбелестім, сол «әдетімді» «Барыста» да тастаған жоқпын. 

– Қарсыластан іштей сескенген кездер болды ма?

– Ет пен сүйектен жаралған адамбыз ғой. Қарсыласыңмен салмақ дәрежең әртүрлі болуы мүмкін. Мұндайда оңай болмайтынын білесің. Сөйте тұра бұл сәтте ұтылып қалмауды ғана ойлайсың. Бірақ ол үшін жақсылап жаттығуың қажет.

Төбелесу арқылы қарсыластың рухын сындырасың

– Сонда сіз төбелеске арнайы дайындалатын ба едіңіз? Жалпы, жекпе-жек түрлеріне қатыстыңыз ба?

– Арнайы жаттығу жасаған емеспін. Бала кезде ауладағы балалармен өзімізше бір-бірімізбен күресіп ойнайтынбыз, кейде төбелесіп қалатынбыз. Бірақ жекпе-жекпен айналысқан емеспін. Өскемендегі спорт сарайында хоккейден бөлек бокс үйірмесі бар еді, бапкерлеріміз бірнеше рет бізді сонда апарған. Бірақ жер мен айдындағы төбелес бөлек. 

– Ал киім ауыстыратын бөлмеде бұл төбелестер талқыланушы ма еді? Жігіттер не айтатын?

– Әдетте құттықтайтын. Жеңіліп қалғаным есімде жоқ. Себебі бұл команда үшін де керек. Кейде төбелесте қарсыласты жеңу арқылы рухын сындырасың, мысын басасың. Өз командаңа сенім сыйлайсың. Психологиялық дүние ғой.

Бапкердің өзі «төбелес» деп белгі беретін…

– Басшылық не жанкүйерлер төбелеске «тапсырыс» беруші ме еді?

– Негізі мен ешкімнің айтуын күтпейтінмін, өзім бастап кететінмін. Бірақ кейде бапкерлер белгі беріп қояды. Сол кездегі бас бапкер Андрей Назаровтың өзі де тафгай болғанын білесіздер. Сондықтан төбелес керек кезде ескертетін. Бірақ ол кісі жұдырыққа жүгінетін сәтті өзім түсінгенімді қалайтын. 

Төбелес шоу үшін керек. Хоккейге қызықпайтын адамның өзі төбелес үшін матчқа келетін. Жекеме қолдау сөздер жазатын. Төбелес болмаған кездерде ренжитін. Бірақ кез келген әрекет өз сәтімен болуы керек қой. Әр матч сайын төбелесе бермейсің. 

– Жақында Әлихан Әсетов қарсыласымен төбелесіп, бәрі оны сізбен салыстыра бастады. Әлиханға қандай кеңес берер едіңіз?

– Әлихан екеуміз жерлеспіз, бір хоккей мектебінің түлегіміз десек те болады. Сондықтан командасының рухын көтеруге, жанкүйерлерді қызықтыруға деген ұмтылысы үшін жарайсың деймін. Үндемей қалмады. Ол тәп-тәуір шабуылшы. Соған қарамастан жанкүйерлерінің көңілін көтеріп қойды, біздікілерге төбелес ұнайды ғой. Оның үстіне клубымыз биылғы маусымда аса бір қуанатындай нәтиже көрсеткен жоқ еді. 

– Мұзды сағынған жоқсыз ба?

– Әуесқой деңгейде аптасына үш рет айдынға шығып тұрамын. Бізде «Өскемен» деп аталатын әуесқой команда бар, солармен ойнап тұрамын. Сондықтан сағынған жоқпын.

– Ал жанкүйерлерді ше?

– Жанкүйерлерді сағындым. Матчтағы атмосфера, жан-жақтан қиқулаған көрерменнің қолдауы бөлек қой. Керемет сезім сыйлайды.

– Әңгімеңізге рахмет, ісіңіз алға бассын!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам