Ол ақпанда ғана жеңіске жеткен.
Naiza лигасының жартылай орта салмақтағы чемпионы, ресейлік файтер Рамазан Гасанов қазақстандық спортшы Қуат Хамитовпен жекпе-жек өткізуге ниетті. Бұл туралы Namys Fighting хабарлады.
14 ақпанда Рамазан Гасанов (15-0) бразилиялық Витор Фернандес Лимамен (14-11) айқасып, қарсыласын «слэм» әдісімен мерзімінен бұрын жеңді. Жеңістен кейін ол октагонда Қуат Хамитовті ашық түрде жекпе-жекке шақырды.
– Сіз Қуат Хамитовті жекпе-жекке шақырдыңыз. Сол ұсынысыңызды растайсыз ба?
– Айтқан сөзімнен қайтпаймын. Бұл – таза спорттық қызығушылық. Көрермен де осындай тартысты, қызықты кездесу күтеді. Сондықтан мен оған тек спорттық тұрғыдан шақыру тастадым», – деді Гасанов.
Ал Қуат Хамитовтің (28-8-2) өзі жуырда ғана Грузияның Батуми қаласында өткен GFC 36 x GBC 4 турнирінде өнер көрсетті. Ол бразилиялық Алан Силваны (19-12-1) төрешілердің ортақ шешімімен жеңіп шықты.