Ол 1 наурыз күні жекпе-жек өткізуі тиіс еді.
DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров Sports.kz порталына берген сұхбатында жарақат алған қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың (23-3) қалыпқа келу барысы және келесі жекпе-жегінің мерзімі жайлы айтты.
Маманның сөзінше, спортшының оңалту процесі жоспарға сай өтіп жатыр.
«Асудың қалпына келу процесі ойдағыдай жүріп жатыр, бәрі бақылауда. Мүмкіндік болса, оның келесі жекпе-жегін мамыр айының ортасы немесе соңына жоспарлағымыз келеді. Қазір қарқынды жұмыс істеп жатырмыз, Асу бірде-бір жаттығуды жіберген жоқ. Жаттығуды тоқтатқан жоқпыз. Қолы да біртіндеп жазылып келеді», – деді Эдуард Базров.
Еске сала кетейік, Алмабаев 1 наурыз күні Мексикада UFC-дің бұрынғы чемпионы Брэндон Мореномен жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда кездесуге бір ай қалғанда қолын сындырып алып, айқастан бас тартуға мәжбүр болды.
Қазіргі таңда Асу Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингінде сегізінші орында тұр.