Ол 2021 жылдан бері айқас өткізген жоқ.
Ирландиялық аралас жекпе-жек шебері Конор МакГрегор биыл кәсіпқой мансабын қайта жандандырмақ. Оның сөзінше, алдағы қарсыласы мен жекпе-жек өтетін күн де белгілі, енді тек ресми келісімшартқа қол қою ғана қалған.
UFC-дің бұрынғы екі дүркін чемпионы әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне былай деп мәлімдеме жасады:
«Маған қарсылас пен жекпе-жек күні ұсынылды, мен келістім. Енді ресми келісімшартты күтіп отырмын».
Өткен аптада UFC президенті Дана Уайт ұйым матчмейкерлері Ақ үй алдындағы мерекелік турнирдің кардтарын толық бекітіп болғанын мәлімдеген еді. Дәл осы кеште МакГрегор де октагонға оралуды жоспарлап отырған.
Еске сала кетейік, ирландиялық файтер соңғы рет 2021 жылы Дастин Порьемен өткен трилогияда өнер көрсетіп, сол айқаста аяғын сындырып алған болатын. Содан бері МакГрегор октагонға шыққан жоқ. Бұдан бөлек ол 2024 жылы UFC 303 турнирінде Майкл Чендлерге қарсы жоспарланған жекпе-жекке де шыға алмаған еді.