Еркебұлан Тоқтар Өзбекстан өкілі Бобиржон Исроиловты екінші раундта нокаутпен жеңді
Қазақстандық боксшы әрі поп-ММА жұлдызы Еркебұлан Тоқтар жекпе-жекке шыққаны үшін алатын гонорарының көлемін жариялады. Оның сөзінше, бір кездесуден түсетін табысы орта есеппен 40–50 миллион теңге шамасында.
Спортшы әдетте үш айда бір рет жекпе-жек өткізетінін және әр кездесуден кейін демалысқа шығатынын жеткізді.
«Үш айда бір рет өнер көрсетемін. Жекпе-жектен кейін міндетті түрде бір жаққа демалуға ұшып кетемін. Орта есеппен 40–50 миллион теңге аламын. Саудаласамын. Өзімді осылай бағалаймын», – деді Тоқтар.
Ол сондай-ақ All Star Boxing промоутерлік компаниясының иесі, бұған дейін Данияр Елеусіновпен жұмыс істеген Зия Алиевпен әңгімесі туралы да айтты. Тоқтардың сөзінше, промоутер оған салынған инвестицияның ақталғанын жеткізген.
«Зия Алиев бізге келіп, маған салынған ақшаның бәрін ақтағаным үшін алғыс айтты. Жалпы, ешкім шағымданып жүрген жоқ», – деді спортшы.
Айта кетейік, 28 тамызда Астанада өткен IBA x Nomad турнирінде Еркебұлан Тоқтар Өзбекстан өкілі Бобиржон Исроиловты екінші раундта нокаутпен жеңді. Жекпе-жек барысында қазақстандықтың өзі бір рет нокдаунға түссе, Исроилов бірнеше рет еденге құлады.
Бұған дейін Тоқтар IBA x Nomad аясындағы алғашқы кездесуінде Артём Тарасовты бірінші раундта нокаутқа түсірген болатын.