Дана Уайт қызықсыз жекпе-жек өткізген файтерлерді лигадан шығарып тастайды дейді ол
UFC Даңқ залының мүшесі, аса жеңіл салмақта UFC және One Championship лигаларының чемпионы Деметриус Джонс Дана Уайт басқаратын промоушенді қатаң сынға алды.
Оның айтуынша, UFC басшылары файтерлерге берген уәдесінде тұрмай, спорт қағадаларын ұстанбайды және екіжүзділік танытады.
«Біз бұрын Дана Уайттан лигада нағыз мықтылардың мықтысы ғана төбелесу керек деген ұстанымды еститінбіз. Қазір ше? Қазір ол жекпе-жектердің қызықсыз болып кеткенін айтып жүр.
MMA-да файтерлер қызықсыз төбелессе оларды лақтырып тастамайды, жеңіске жеткендері әрі қарай спорттық жолын жалғастыра береді. Ал, UFC-де сен жеңіске жетесің бе, жоқ па – маңызды емес, сен ақша әкелмесең керек емессің. Бәрін жеңсең де сені түрлі сылтаумен лигадан шығарып тастай салады.
Олардың сөзі мен ісі қабыспайды, нағыз екіжүзді адамдар. Мен бар қалайтыным, UFC басшылары өзі «сататын өнімге» адалынан қараса екен деймін. Ең мықтыларды қуып шығып, «бізде ең үздік файтерлер бар» деп мақтанбай-ақ қойыңдар. Оданша мықтыларды ұстап қала алмағандарыңды, оларға ақша бере алмағандарыңды мойындаңдар. Майкл Пейдж Misfits Boxing лигасында UFC-ден көбірек ақша табатынын мойындаңдар.
Спорттың принципі бойынша, жеңімпаздар барлық құрмет пен атақты, жүлдені алуы керек. Жалақысы жақсы болуы керек. Лигадағы жорығын жалғастыруы керек. Майкл Пейдждің UFC-де қанша табыс тапқанын білгім келеді.
MMA мен UFC-дің айырмашылығы да осында, сендерде спорттық принцип жоқ, сендер кім шоу жасайды, кім ақша әкеледі – сонымен ғана жұмыс істейсіңдер», - деді Деметриус Джонс MMAJunkie тілшісімен болған әңгіме барысында.
Айта кетейік, Дана Уайт 9 қыркүйекте 39 жастағы британдық файтер Майкл Пейджбен келісімшартты үзіп, оны UFC-ден шығарып тастады. Мұнан кейін ол Misfits Boxing лигасымен контракт жасасқан. Келісім аясында Пейдж үш жекпе-жек өткізуі тиіс. Осы үш жекпе-жек үшін алатын гонорары UFC-дегі алты жекпе-жекке алған гонорарынан әлдеқайда көп болады.