Мұратбек Қасымбай аралас жекпе-жектегі соңғы ресми кездесуін 2024 жылы өткізген
Қазақстандық файтер Мұратбек Қасымбай Ташкентте (Өзбекстан) өткен IBA Nomad 16 турнирінде ресейлік Залимхан Юсуповпен жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетті.
«Қазақ терминаторы» лақап атымен танымал спортшы орта салмақта ММА қолғаптарымен бокстасу ережесі бойынша өткен кездесуде қарсыласын үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Жекпе-жек барысында Қасымбай Юсуповты бес рет нокдаунға түсірген.
Айта кетейік, Мұратбек Қасымбай аралас жекпе-жектегі соңғы ресми кездесуін 2024 жылдың шілдесінде өткізген. Сол кезде ол бразилиялық Диего Брандаоны екінші раундта нокаутқа түсірген болатын.
Ал Залимхан Юсупов биыл тамызда отандасы Максим Буторинмен жұдырықтасып, бірінші раундта нокаутпен жеңілген еді.