
Уланбеков Мақсұм мансабындағы ең ауыр қарсылас болғанын айтқан
UFC-де аса жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық файтер Азат Мақсұм (15-2) Тагир Уланбековтің (17-2) жекпе-жектен кейінгі мәлімдемелеріне қатысты пікір білдірді.
Еске салайық, екі спортшы Бакуде (Әзербайжан) өткен UFC турнирінде жекпе-жекке шықты. Үш раундқа созылған кездесуде төрешілер бірауыздан жеңісті дағыстандық спортшыға берді.
Алайда бұл шешім жанкүйерлер арасында қызу талқыға түсіп, көпшілік төрешілердің шешімін әділетсіз деп бағалады. Жекпе-жектен кейін Уланбеков Мақсұм мансабындағы ең ауыр қарсылас болғанын айтқан. Алайда бір күннен соң ресейлік файтер сөзінен тайқып, мұның бәрі эмоцияның әсері екенін, шын мәнінде жекпе-жек аса қиын соқпағанын жеткізді.
Ал Азат Мақсұм екі сөйлеген Тагирді сынады.
«Мұны естігенде таңғалдым. Бір рет айтты ғой, сол жеткілікті еді, екінші рет қайталаудың керегі не? Жекпе-жектен кейін өзі келіп, менің оған ең ауыр қарсылас болғанымды алға тартты. Ал енді келіп басқаша сөйлейді. Үндемей-ақ қойғаны дұрыс еді. Бұл сөздері өзіне ғана зиянын тигізіп отыр», – деді Мақсұм Azamat Sport YouTube арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, сол күні Азат кәсіби мансабында екінші рет ұтылды.