
UFC бұл жігіттерді бір-бірімен кездестіретін уақыт келген сияқты
АҚШ-тың танымал BJPenn.com сайты UFC-дің жартылай орта салмағында өнер көрсететін америкалық файтер Шон Брэдидің қазақстандық Шавкат Рахмоновты жекпе-жекке шақыруына қатысты өз реакциясын білдірді.
Шон Брэди подкастының соңғы шығарылымында «Номадпен» чемпиондық атаққа басты үміткер атағы үшін қараша айында жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеген. Қазіргі таңда америкалық спортшы дивизион рейтингінде екінші орында тұрса, Шавкат Рахмонов үшінші орынды түйіндейді.
«Соңғы бірнеше жылда Шон Брэди жартылай орта салмақта өзін нағыз мықты файтер ретінде танытты. Ол бұл салмақтағы үздік үміткерлердің қатарында нық орнықты және бұл – анық факт. Дегенмен, қазіргі таңда бұл дивизионда бұрын-соңды болмаған бәсекелестік байқалады.Титулдық кездесуге бір қадам қалды деп ойлайтын спортшылар тізімі тым ұзақ. Сондықтан UFC бұл жігіттерді бір-бірімен кездестіретін уақыт келген сияқты», - деп жазды мақала авторы Гарри Кеттл.
Шон Брейдидің мәлімдемесіне қатысты әзірге Рахмонов тарапынан ешқандай реакция болған жоқ. Соңғы рет ол октагонға 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде шыққан болатын.
Ирландиялық үздік үміткер Иэн Гэрримен (16-1) өткен өте ауыр бес раундтық жекпе-жекте Рахмонов төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жеткен еді.