
Дрикус Дю Плесси 2024 жылы UFC чемпионы атанды
Қазақстандық ММА шолушысы Арман Әбдірахманов UFC-дің орта салмақтағы қазіргі чемпионы Дрикус Дю Плесси туралы пікір білдірді.
Сарапшының айтуынша, оңтүстікафрикалық спортшының жекпе-жек жүргізу мәнері өзгеше, сонысымен де қатарластары үшін қауіпті.
«Маған бұл жігіттің айқастарын көру мүлде қызықсыз. Оған қалай жанкүйер болуға болатынын түсінбеймін. Техникасы түсініксіз спортшы. Өзін кикбоксингтен шыққанмын деп айтады, бірақ оның соққы деңгейі тіпті спорт шеберіне үміткер дәрежесіне де жетпейді. Ол Роберт Уиттакерді, Исраэль Адесаньены және Шон Стриклендті жеңгенде қатты таңғалдым. Стриклендпен жекпе-жегін түсінуге болады, себебі екеуінің төбелесу мәнері бір-біріне ұқсас. Соған қарағанда, оған соққы жасау техникасында, күресте, грэпплинг пен партерде академиялық мәнердің жоқтығы көмектесетін сияқты. Өйткені мұндайға қарсы тұру қиын: әрі «қыңыр», әрі төзімді, кардиосы мықты спарринг-серіктес таба алмайсың. Бұл – Дю Плессидің басты қаруы», – деді Әбдірахманов Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында.
Еске сала кетсек, Дрикус Дю Плесси 2024 жылдың қаңтарында Шон Стриклендті төрешілердің басым дауысымен жеңіп, UFC чемпионы атанды. Кейін Исраэль Адесаньені ұтып, белбеуін сәтті қорғады.