52 келіде күресетін танымал балуан биыл Венгрияда өткен әлем біріншілігінде топ жарып, бес дүркін чемпион атанған еді
Дзюдодан Токио Олимпиадасының чемпионы, жапониялық Ута Абэ әлемдік рейтингті биылғы маусым қорытындысы бойынша үшінші орынмен аяқтады.
52 келіде күресетін танымал балуан биыл Венгрияда өткен әлем біріншілігінде топ жарып, бес дүркін чемпион атанған еді. Соған қарамастан ол рейтингте косовалық Дистрия Красники мен германиялық Маша Бальхаусқа жол беріп отыр.
Айта кететін жайт, 2025 жылғы әлем чемпионатының финалында Ута Дистрия Красникиден басым түскен. Ал Красники 2024 жылы Париж Олимпиадасында күміс жүлдеге ие болған спортшы. Сондай-ақ, косово спортшысы 48 келіде Токио Олимпиадасының чемпионы атанған.
Аталған салмақтың үздігі саналатын Ута Абэ былтыр Франция астанасындағы ойындардың 1/8 финалында өзбекстандық Диёра Келдиёровадан сенсациялық жағдайда жеңілген еді. Оның туған ағасы Хифуми Абэ Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы.