Димаш өзінің орындауындағы әнді таңдағанына марқайып қалғанын айтты
Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атанған Михаил Шайдоровті тарихи жеңісімен құттықтады.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында спортшының табандылығы мен еңбекқорлығын ерекше атап өтіп, бұл жетістік – күллі Қазақстан үшін зор мақтаныш екенін жеткізді. Сондай-ақ Димаш чемпионға құрмет ретінде темір тұлпар мінгізетінін мәлімдеді.
«Мишабай, бауырым! Олимпиада алтыны құтты болсын! Құрметті ағайын, не деген мереке! Не деген той! Мұз үстіндегі қимылың, өнерің дүйім жұртқа шабыт, рух сыйлаған үлкен азаматқа айналдың. Еліміздің саңлағы, менің досым, өзіңнің ағаң, өкінішке орай, халқымыздың маңдайына сыймай кеткен асыл перзенті Денисімізді жоқтатпадың. Ағаңның, халқымыздың алдыңдағы борышыңды жоғары деңгейде өтедің», – дейді әнші құттықтауында.
Михаил Димаштың орындауындағы әнді таңдағанына марқайып қалғанын да айта кетті.
«Қуантып қойдың, көп рахмет! Осы орайда саған темір тұлпар сыйлаймын. Аз да болса, көптей көр. Машина менің мойнымда», – деген Димаш чемпионға көлік сыйлайтынын айтты.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров – Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада алтынын иеленген тұңғыш спортшы. Бұл жеңіс отандық қысқы спорттың жаңа белесін айқындады.