Дәрігерлер спортшыны арнайы шанамен трассадан алып шықты
Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында хафпайп бойынша қазіргі әлем чемпионы, 19 жастағы жаңазеландиялық фристайлшы Финли Мелвилл Айвз іріктеу кезеңінде ауыр жарақат алды.
Спортшы алғашқы мүмкіндігін орындау барысында бір шаңғысын жоғалтып, бағдарламасын толық аяқтай алмады. Ал үшінші трюкті орындағаннан кейін қону сәтінде биіктен құлап, жарыс жолында қозғалыссыз жатып қалды. Дәрігерлер жедел түрде көмек көрсетіп, оны арнайы шанамен трассадан алып шықты.
Бұл дода Мелвилл Айвз үшін алғашқы Олимпиада еді. Ол хафпайп бағдарламасында басты фавориттердің бірі саналған. Бұған дейін 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиадада күміс жүлде иеленген. Сондай-ақ 2026 жылғы қысқы X Games жарысында суперпайп дисциплинасында чемпион атанған.
Айта кетейік, канадалық фристайлшы Кэсси Шарп та іріктеу кезеңіндегі екінші талпынысында құлап, басымен жерге қатты соққы алған еді. Ол 2018 жылғы Олимпиада чемпионы.
Қазіргі уақытта Финли Мелвилл Айвздің денсаулық жағдайы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.