Енді ол 22 жастағы үндістандық Викимен күш сынасады.
25 ақпан мен 1 наурыз аралығында Албания астанасы Тиранада өтіп жатқан беделді халықаралық Muhamet Malo Ranking Tournament аясында қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан жарысты сәтті бастады.
97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесетін ұлттық құраманың көшбасшысы алғашқы кездесуін 23 жастағы грузин балуаны Андро Маргишвилиге қарсы өткізді. Айта кетейік, қарсыласы – 2023 жылғы 92 келіге дейінгі салмақтағы Еуропа чемпионатының (U23) жеңімпазы. Белдесу тартысты өтіп, іріктеу кезеңіндегі белдесу 8:5 есебімен Айтмұханның пайдасына шешілді.
Енді ширек финал жолдамасы үшін қазақстандық балуан 22 жастағы үндістандық Викимен күш сынасады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ризабек Айтмұхан Бішкекте өткен коммерциялық турнирде топ жарып, жанкүйерлерін қуантқан болатын.
Тиранадағы турнирде 97 келі салмақта әлемдік деңгейдегі бірқатар атақты балуандар бақ сынап жатыр. Атап айтқанда:
Абдулрашид Садулаев (Ресей)
Кайл Снайдер (АҚШ)
Магомедхан Магомедов (Әзербайжан)
Осылайша, Тиранадағы рейтингтік бәсеке 97 келіде нағыз супержекпе-жектерге толы болмақ. Ризабек Айтмұхан үшін бұл турнир – әлемдік элитамен иық тірестіріп, өз деңгейін дәлелдеудің маңызды мүмкіндігі.